Қазақстанда асыл тұқымды мал өсірудің қиындықтары қандай
ОРАЛ. KAZINFORM — Қазіргі таңда асыл тұқымды мал өсірудің жай-күйі қалай? Саланың өзекті мәселелері ше? Осы орайда Kazinform тілшісі мамандармен тілдесіп көрді.

Қолда барды сақтап қала аламыз ба?
БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, өңір республикада кеңінен тараған қазақтың ақбас тұқымды сиыры, еділбай қойы және көшім жылқысының отаны саналады.
Сондай-ақ етті-жүнді бағыттағы ақжайық қой тұқымы шығарылғаны белгілі. Соңғы кезде қылшықты және жартылай қылшықты қой түрі де қолға алынуда.
Рүстем Мүлкәйұлының сөзіне қарағанда, облыста 923 асыл тұқымды мал шаруашылығы тіркелсе, соның 742-сі ірі қара, 141-і қой, 39-ы жылқы, біреуі түйе өсірумен айналысады.
Оған қоса 3 дистрибьюторлық орталық асыл тұқымды малдың ұрығын өткізеді.

Басқарма деректеріне сәйкес мемлекеттік асыл тұқымды мал тізілімінде 146,3 мың бас ірі қара, 76,1 мың қой, 6,7 мың жылқы, 258 түйе санаққа іліккен.
Асыл тұқымды малдың жалпы мал басындағы үлесі ірі қара бойынша — 15,8 пайыз, қой — 6,5 пайыз, жылқы — 2,2 пайыз, түйе — 9,8 пайыз.
— Асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтары асыл тұқымдық мақсатқа облыстың өз ішінде және өзге өңірлерге жыл сайын 25 мыңнан астам ірі қара, 8 мыңға тарта қой, 100 бастай жылқы сатып отыр. Соңғы үш жылда облыстың мал шаруашылығын дамытуды қолдауға 27 млрд 788,3 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Соның ішінде тауар өндірушілер отандық және шетелдік асыл тұқымды 60,3 мың бас ірі қара, 23,2 мың бас қой және 152 жылқы сатып алды, — дейді Р. Зұлқашев.

Оның айтуынша, тауарлы малдың өсімін молайту және өнімділігін арттыру үшін асыл тұқымдық мақсатта 5 025 бас бұқа пайдаланылуда. Мұның 85 пайыздан астамы — қазақтың ақбас тұқымды бұқалары. Дегенмен әлі 2 875 бас бұқа қажет.
Облыста қойлардың ішінде ең көп таралғаны (88 пайызы) — еділбай тұқымы. Оның саны — 67 мың бас. Алайда еділбай қой саны өскенімен, осы тұқымды дендеп өсірумен айналысқан «Бірлік мал зауыты» ЖШС-да мал басы жыл санап азайып келеді.
Ал «Айдархан» ЖШС мен «Сүндетқалиев» ШҚ мүлдем жабылған. Сондықтан асыл тұқымды малдың генетикасына әсер ететін шаруашылықтың пайдалы белгілері мен тұқымдық құндылықтан айырылып қалу қаупі бар.

— Өңірде асыл тұқымды жылқының 5,5 мыңы көшім, 796-сы жабы және 350 басы мұғалжар тұқымына тиесілі. Өткен жылмен салыстырғанда, көшім жылқысы 52, жабы 83 пайызға дейін азайып отыр. Мұның себебі — асыл тұқымды жылқы өсіруге мемлекеттік қолдаудың жоқтығы. Сондай-ақ асыл тұқымды жылқы өсірушілердің палаталарға тіркеліп, қажетті жұмыстар жүргізуге ынталары болмай отыр. Оған қоса маман да тапшы, — дейді басқарма басшысының орынбасары.
Оның мәліметіне қарағанда, соңғы үш жылда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ірі қара малдың орташа тірілей салмағы 8,8 пайызға өсіп, 399 килоға жеткен.
Биыл мал шаруашылығын қолдауға облыстық бюджеттен 7,2 млрд теңге, соның ішінде асыл тұқымды мал басын сатып алуға 2,7 млрд теңге бөлініп отыр.

Шаруалар не дейді?
Батыс Қазақстанда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын іргелі шаруашылықтың бірі — Жаңақала ауданындағы «Бірлік мал зауыты» ЖШС.
Күні бүгін «Бірлік мал зауыты» ЖШС-да 9 668 асыл тұқымды еділбай қойы (соның 3 577-сі — саулық), 243 бас ірі қара, 797 жылқы бағылып жатыр.
Мұнда 1989 жылдан бері қазақтың ғылыми-зерттеу технологиялық қой шаруашылығы институтымен бірлесіп үш зауыттық желі бойынша селекциялық жұмыстар жүргізілуде.
Соның нәтижесінде 2004 жылы Әділет министрлігінен еділбай қойының бірліктік типін шығарғаны үшін патент берілген.

Зауыт директоры Қанат Ешімовтің мәлімдеуінше, саулықтар түгелдей қолдан ұрықтандырылады. Күзде ересектерінен бөлек, жас қошқарлар қолдан ұрықтандыру құралына үйретіліп, жақсысы қалдырылады.
Қолдан ұрықтандыру пунктері дайындалып, 5 қарашадан бастап 7 отарға қошқарлар жіберіледі. Жұмысшылармен қамтылып, мұның бәрін селекционер-зоотехник бақылап отырады.
Көктемде қой төлдету науқаны кезінде де әр қозының қайдан тарағаны, барлығы есеп журналында тіркеледі.

— Осыншама қыруар жұмыс атқарылғанымен, бір қойдың басына 4 мың теңгеден субсидия беріледі. Бұл аз, шығынның орнын жаппайды. Малды қымбатқа өткізу тағы қиын. Мысалы, асыл тұқымды қошқарды 150 мың теңгеден сатқымыз келген, өткен жылы амалсыз бағасын түсірдік. Қазіргі кезде асыл тұқымды мал шаруашылығының мәртебесі өзгерді. Сондай мал сатып алғандардың бәрі асыл тұқымды шаруашылық болып шыға келеді. Оларда біздегідей селекциялық асылдандыру жұмыстары, есебі жүргізілмейді. Соған қарамастан, асыл тұқымды шаруашылық ретінде палаталарға тіркеледі. Шаруашылықтар жарнасын төлеп отырғандықтан, палаталар соларға тәуелді. Біздіңше, асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін беруді мемлекетке қалдыру керек. Мұны мемлекеттік инспекторлар атқаруы қажет. Қысқасы, «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңдағы қайшылықтарды реттеген жөн, — дейді шаруашылық басшысы.

Саладағы басты проблеманының бірі — малшы-шопандардың жетіспеушілігі. Таңнан кешке дейін қойдың соңында жүретін қойшылардың бейнеті шаш етектен.
Қойды құрттаудан бастап қырқу және басқа жұмыстан қолдары босамайды. Сондықтан оларды тұрақтандыру үшін мәртебесін көтерген абзал.
Мысалы, әр ауылдық округте қойшылар есепке алынып, 25 жылдық еңбек өтілінен кейін зейнетке шығару сияқты жеңілдіктер жасалса, жөн болар еді. Бұлай кете берсе, болашақта мал бағатын адам қалмауы мүмкін.

— Жалпы, мал шаруашылығы саласында мамандар қат. Біздер зоотехник, ветеринар, бухгалтерлерді өзіміз оқытып алып отырмыз. Әйтсе де ұжымдық шаруашылықта жұмыс істегісі келмей, бірқатары жағдайы жақсарғаннан кейін өз қамын күйттеп, кетіп қалып жатады. Тағы бір мәселе, тұрғындар малын бақпай, бетімен жібереді. Ол малдар біздің жерімізге түсіп, шөбімізді жеп кетіп жатады. Сотқа берсең, ұзаққа созылып, мәселе шешіле қоймайды. Киік проблемасы тағы бар. Жұрттың малымен бір, киікпен бір алысып жүргенің. Осы киіктің санын реттеп, етін өңдеп, шет елге неге сатпасқа немесе халықтың игілігіне неге жаратпасқа? — дейді Қ.Ешімов.

Мал бар, бірақ есепте жоқ
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылым жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы Әлжан Шәмшідін асылдандыру жұмыстарын бір шаруашылық немесе облыс аумағында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша жүргізу керек деп есептейді.
Ғалымның ойынша, ол үшін алдымен малды зоотехникалық есепке алуды дұрыс жолға қою қажет. Бұл соңғы жылдары зоотехниктер мен селекционерлер үшін түйткілді мәселе болып отыр.
Елімізде оңтайландыру, қағазбастылықтан құтылу мақсатында 2012-2013 жылдардан бастап мал шаруашылығында ақпараттық-талдау жүйесі жаппай енгізілгені белгілі. Онда асыл тұқымды мал туғаннан бастап өлгенге дейінгі барлық мәліметі болуы тиіс.
Сол жұмыс көп жерде жоқтың қасы. Бар болса да сенімділігі төмен мәліметтермен толтырылған. Мал бар, бірақ есепте жоқ.

— Статистикалық мәліметке қарағанда, Қазақстанда жалпы мал басындағы үлесі бойынша асыл тұқымды жылқы 4 пайызға жетпесе, ірі қара 10-12 пайыз төңірегінде, қой одан да төмен. Бұл көрсеткіш алдыңғы қатарлы елдерде 20 пайыздан кем емес. Шын мәнісінде асылдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, әйтсе де оның нәтижесі көрініп тұрған жоқ. Мұны реттеу үшін бұрынғы мемлекеттік асыл тұқымды инспекцияның қызметтерін қайта жаңғырту қажет. Шетелдік озық тәжірибені ескере отырып, елімізде мұның қызметі бәсекелестік ортаға деген желеумен палаталарға берілді. Шетелде палаталар ауыл шаруашылығы министрлігіне есеп беретін болса, бізде олай емес. Қоғамдық ұйым санатындағы палаталар қандай мәлімет береді, соны негізге алады. Әркім өз қазанында қайнап жатыр. Әрине, жақсы жұмыс істеп жатқандары бар. Бірақ кейбірінде не жасалып жатқанын санаулы адамдар ғана біледі, — дейді Әлжан Смайылұлы.

Мысалға алатын болсақ, өнімділік бағытындағы жылқы тұқымдары бойынша 2 палата бар болса, қой тұқымдары бойынша кемінде 16 палата бар.
Ал «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заң бойынша өнімділік бағытына байланысты 1 ғана палатадан болуы тиіс. Осы орайда қай республикалық палатаның заңды түрде қызмет жасап жатқандығы әлі күнге дейін сұрақ тудырады.
Маманның пайымдауынша, екіншіден, селекциялық асылдандыру жұмыстарының жемісі кем дегенде 25-30 жылда көрінеді. Нақтырақ айтқанда, мысалы, құс саласында бұған 5-6 жыл, қой шаруашылығында 15, жылқыға 25, ірі қараға 35-40 жыл керек.

Сондықтан биыл субсидия бердік, оның нәтижесі бір-екі жылдан кейін көрінуі керек деген көзқарас дұрыс емес. Соның кесірі шығар, селекциялық асылдандыру жұмыстарына биылғы 1 маусымнан бастап субсидия беру тоқтатылып жатыр.
Осы орайда әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып, субсидиялау тетіктерін жүйелендірген жөн болар еді.
Шет елдерде асылдандыру ісіне бір бөлек, өндірілген өнімге екінші, ал сол жануарларды күтіп-бағуға кеткен шығындарды арзандату бағытында түрлі субсидия қарастырылған, себебі ол мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігін басым бағыт деп таниды.
Ал Қазақстанда, өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы саласы қалдық қағидатымен қаржыландырылады.

— Асыл тұқымды малдың өсіп-өнуі биологиялық циклге байланысты. Осыны түсінетін маман болса, жақсы. Ал түсінбесе, асылдандыру саласы алға баспайды. Тағы бір айтарымыз, малдың өсуі оның тұқымына, жерсінуіне, жергілікті жерге бейімделуіне байланысты. Оған да кемінде бес-алты жыл уақыт керек. Шеттен әкелінген мал бастапқыда жақсы төлдеуі, екінші жылы керісінше болуы мүмкін. Мамандар пікірін ескермеген көп шаруа осыған ұрынып қалып жүр, — дейді Ә.Шәмшідін.
Айталық, жылқы басы көбейгенімен, оның сапасы төмендесе, кінә сол шаруалардың өзінде деуге болады. Өйткені кейбіреулері ауыр жүк тасығыш тұқымды айғырларды қазақи жылқыларды ірілету үшін пайдаланады.
Ондай шағылыстырудан түскен жабағысының салмағы күзде қазақы жылқының құнан, дөненіне тең. Бірақ өсімге қалдыратын болса, мәдени тұқымға жататындықтан, олар қыста тебіндей алмайды. Оған қоса сона, кене сияқты паразиттерге иммунитеті жоқ.
Сонымен қатар түрі сұлу екен, бұл таза тұқымды айғыр деп будан айғырларды сатып алып, көңілге толымсыз төл алып жатқандар да көптеп кездеседі.
Сол себепті асыл тұқымды малдарды генетикалық зертханалар арқылы шыққан тегін тексеріп, мамандардың кеңесіне сүйене отырып өсірген дұрыс.

— Герефорд, абердин-ангуске қарағанда, қазақтың ақбас тұқымды сиырлары біздің табиғатымызға төзімді келеді. Ақ Жайық өңірінде шығарылған, кезінде 1 млн 200 мың басқа жеткен қазақтың ақбас тұқымды сиырлары тоқырау жылдары азайып кетті. Дегенмен 2012 жылдан бастап қайта қолға алынып, қазір 600 мыңнан асты. Қолдан ұрықтандыру және биотехнологиялық басқа да әдістер арқылы оның жаңа типтерін шығару ойластырылуда. Түйе жөнінде айтсақ, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарында селекциялық жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Тек Түркістан мен Қызылордада жолға қойылған. Бұл мамандардың аздығының салдары деп айтуға болады. Өңірлерде жаңа тұқым түрлерін шығаруға болады. Бұл біздің еліміздің болашағы үшін де қажет, — деп түйіндеді ойын ғалым.
Мамандар сөзінен Қазақстанда асыл тұқымды мал өсіруде қандай қиындықтар бар екендігін білдік. Мұны еңсеру алдағы күндердің еншісінде болса керек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда өндірістік кооперативтер қалай жұмыс істеп жатқанын жазған болатынбыз.