Қазақстанда әскери ұшақтарды коммерциялық мақсатта қолдануға рұқсат бермек

АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрлігі әскери-көлік авиациясын коммерциялық және өзге де мақсатта пайдалану бойынша заңнамалық шаралар кешенін әзірледі. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

әскери ұшақ
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан заңнамасында мемлекет меншігіндегі авиацияны Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес ақылы негізде пайдалануға мүмкіндік беретін норма жоқ.

Бүгінде бірқатар елде, оның ішінде Ұлыбритания, Корея, Германия, Түркия, Мысыр, Ресей және Беларусьтің тәжірибесі әскери-көлік авиациясының азаматтық мақсатта тиімді қолданылу мүмкін екенін көрсетіп отыр.

Осы орайда жаңа жобада шектеуді алып тастап, мемлекеттік авиацияны ақылы негізде пайдалануға заңнамалық деңгейде мүмкіндік беру ұсынылады. Дегенмен әскери ұшақтарды пайдалану әскери бөлімшелердің жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілетіне нұқсан келтірмеуі тиіс.

Құжатқа сәйкес, қазір Қазақстан Қарулы күштері әскери-көлік авиациясының 15 әуе кемесін пайдаланып отыр. Оларды жөндеу мен қызмет көрсетуге жыл сайын мемлекеттік бюджеттен шамамен 7 млрд теңге бөлінеді. Алайда, бөлінетін қаржы көлемі техниканың тозған үлгілерін уақтылы ауыстыруға мүмкіндік бермейді.

- Жүргізілген талдау көрсеткендей, азаматтық секторда жүк тасымалын қиын, қолжетімсіз өңірлер мен жергілікті қақтығыс аймақтарына жеткізетін тетіктер жоқ. Ұсынылып отырған нормаларды енгізудің күтілетін нәтижесінде, әскери авиацияны қолдану аясын кеңейту, оның жүктемесін арттыру, логистика саласындағы бизнеске қолдау көрсету, бюджетке түсетін жүктемені азайту және авиацияны жөндеу мен дамытуға қосымша қаржы көздерін табу мүмкіндігі бар,- делінген құжат жобасында. 

Сондай-ақ жаңа құжат жобасында мемлекеттік авиацияны басқа мемлекеттік органдардың мүддесі үшін, оның ішінде елден тыс жерлерде де пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Одан бөлек осы мамырда жобаны Әділет министрлігіне алдын ала қорытынды алу үшін жолдау жоспарланып отыр. 2026 жылғы шілдеде қоғамдық тыңдаулар өтеді, ал 2026 жылғы желтоқсанда заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізіледі. 

Кеше Қарулы күштерде ұшқышсыз ұшу жүйесінің үздік операторлары марапатталғаны туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар