Қазақстанда әуе қозғалысын басқару тәртібі жетілдіріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда әуе қозғалысын ұйымдастыру мен оған қызмет көрсету тәртібіне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Көлік министрлігі тиісті нұсқаулыққа түзетулер әзірледі.
Жаңа өзгерістер әуе қозғалысын басқару қызметкерлерінің жұмыс уақыты мен демалысын реттеуге қатысты талаптарды жетілдіруді көздейді.
Сондай-ақ әуе кемесін төмендету және қонуға бағыттау кезінде диспетчерлік қызмет көрсету тәртібін нақтылау ұсынылған. Бұған қоса, әуе кемесімен байланыс үзілген немесе қайта қалпына келген жағдайда қолданылатын рәсімдер де реттелмек.
Құжатта әуе қозғалысын бақылау жүйелерін пайдалану, әуе кемелерінің орналасқан жері туралы мәліметтерді беру және әуе қозғалысына қызмет көрсететін бөлімшелер арасындағы үйлестіру талаптарын нақтылау қарастырылған.
Бұдан бөлек, әуе кемелері арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау және әуеайлақтағы диспетчерлік қызмет көрсету талаптары жетілдіріледі.
Әуе қозғалысының ағынын ұйымдастыру, әуе қозғалысына қызмет көрсету бағыттарын белгілеу және олардың таңбалану тәртібіне де өзгерістер енгізу ұсынылған. Құжатта бірқатар термин нақтыланып, редакциялық түзетулер де қамтылған.
Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жария талқылауға шығарылды. Талқылау 25 қарашаға дейін жалғасады. Бұған дейін Астана әуежайы 20 жылға жуық өзгермеген тарифті қайта қарауды ұсынғаны туралы жазған едік.