Қазақстанда әуе саласына жасанды интеллект енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет басшысы әуе тасымалында цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу арқылы саладағы бизнес-процестерді автоматтандыруды тапсырды.

— Жолаушылар тасымалын дамыту мақсатында қолданыстағы әуе кемелерінің паркін үнемі толықтырып, жаңартып отыру қажет. Әуе компаниялары қарыз алу және лизинг тетіктерін пайдаланады. Бұл жұмысқа даму институттарын, соның ішінде квази мемлекеттік даму институттарын да белсенді тарту керек, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Сонымен қатар Премьер-министр Көлік министрлігі, Ұлттық экономика және Қаржы министрлігіне шағын әуе компанияларын қолдау шараларын пысықтауды тапсырды.
— Одан бөлек Көлік министрлігі Цифрлық даму, инвестициялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу арқылы саладағы бизнес-процестерді автоматтандыру бойынша жұмысты күшейтуі қажет, — дейді ол.
Бұған дейін Үкімет басшысы ұшақтардың жиі кешігуін сынады.
Сондай-ақ Олжас Бектенов әуе тасымалына қатысты арыз-шағымның көп екенін мәлімдеген еді.