Қазақстанда ауызашар мәзірінің бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Рамазан айында өңірлердегі мейрамхана мен дәмханада ауызашар мәзірі дайындалады. Kazinform тілшісі баға мен мәзірді салыстырып, қайда арзан, ал қай қалада қымбат екенін білді.

ауызашар
Коллаж: Kazinform / Canva

Қазақстандықтар ауызашарға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Үйде ғана емес, мейрамхана мен дәмханаларда да ауызашар жасап, сауапты іс жасауға асығады. Қазір мейрамханалар мен дәмханалар да сұранысқа сай ұсыныс әзірлеп қойған. Бірі негізгі тағамды ұсынады. Ал тағы бірі ыстық тамақ, тәтті тағам, сусын мен тамақтану орнының өз сыйын дастарханға қояды. Ауызашар мәзірі еліміздің өңірлерінде әртүрлі және бағасында да айырмашылық бар.

Ең арзаны – Түркістан қаласында. Мұнда ауызашар мәзірінің бағасы 2 000 – 6 000 теңге аралығында. Сонымен бірге қаладағы мейрамханалар төрт адамға арналған ауызашар дастарханының құнын 16 533 теңге деп бекітіп те қойған. Оған салат, жеміс-жидек, қуырылған балық, самсаның бірнеше түрі, піспенан, нан, шырын мен сыйлыққа деп су, қара немесе көк шай ұсынылады. Ал ең қымбаты бір адамға 11 900 теңге болып тұр.

Ал Петропавл қаласында ауызашар мәзірінің ең арзаны адам басына – 2 500 – 3 000 теңге. Дастархан үсті мол болсын десе 4 000 – 5 500 теңгенің мәзірін таңдауға болады. Оған манты, самса, тәтті тағам, құрма, су мен шай кіреді. Ал 5 500 теңге және одан жоғары мәзірде салаттың бірнеше түрі, ет тағамы мен ұлттық тағам және шырын бар. Кейбір мейрамханалар 10 000 теңгенің топтамасын да ұсынады.

Ақтөбе қаласы да баға қолжетімді өңірлер қатарына кіреді. Мұнда ауызашар бағасы 3 000 – 9 000 теңге аралығында.

Орал қаласында да баға қалыпты. Мұнда ауызашарға ыстық тамақ, салат пен шырын ұсынса, 3 000 – 6 000 теңге болады. Ал ауызашар топтамасын таңдаса кейбір тамақтану орны 6 000 – 12 000 теңге және одан жоғары бағаны ұсынады. Мейрамханаларда адам басына 10 000 теңгенің мәзірін кездестіресіз.

а
Фото: Kazinform

Шымкент қаласында ауызашар бағасы әртүрлі. Қалтаға күш түскенін қаламасаңыз, 3 500 – 5 500 теңгенің мәзірін таңдауға болады. Мәзірде негізгі тағамдар бар. Ал мейрамханада 7 000 – 8 000 теңгенің мәзірі ұсынылып жатыр. Ыстық тағам, шай мен тіскебасар береді. Кейбір топтамада ет тағамы болмауы да мүмкін. Ал мол дастархан жайылса адам басына 14 000 теңге қажет болады.

Қызылорда қаласында ең қолжетімді баға 3 500 – 4 000 теңге болып тұр. Мәзірге күріш, тіскебасарға ет, нан және түрлі қоспа кіреді. Орташа мәзір бағасы – 5 000 – 6 500 теңге. Мұнда сорпа, самса, ет салынып қуырылған бәліш, салаттар мен құрма, су және шай кіреді. Сонымен бірге 4-5 адамға арналған ауызашар топтамасына тапсырыс беруге болады. Бағасы – 9 000 – 17 000 теңге. Онда күріш, манты, қазан-кебаб, кәуап, салаттар мен тандыр нан, түрлі қоспа бар.

Қостанай қаласында ауызашар бағасының айырмашығылы жоғары. Кейбірінде 3 500 теңге болса, тағы бір мейрамхана 12 900 теңгенің мәзірін ұсынады. Қолжетімідісі – 3 500 – 5 000 теңге. Адамдар көбіне 4 500 – 5 800 теңгенің мәзірін таңдайды. Оған салат, сорпа, күріш немесе лағман кіреді. Құрма, бауырсақ пен суды тегін ұсынады. Ал мол дастарға жайылса 6 000 – 12 900 теңгенің топтамасына тапсырыс берген жөн.

Атырау қаласында ауызашар бағасы 3 900 – 4 100 теңгеден басталады. Орташа баға - 5 000 – 7 000 теңге. Ас мол болсын деген адамдар 8 000 – 9 000 теңгенің топтамасына тапсырыс береді. Ал ең жоғары баға 12 600 – 12 990 теңгеге жетті.

Тараз қаласында ауызашар мәзіріне екі түрлі салат, ыстық тамақ, тіскебасар, су мен өзге де сусын кіреді. Шағын дәмханаларда бұл мәзірдің бағасы 4 000 теңгеден басталады. Сонымен бірге орташа баға мұнда 5 000 – 6 500 теңге болып тұр. Жоғары баға ұсынатын мейрамхана аз. Болған күнде ауызашар топтамасының бағасы әр адамға 10 000 – 12 000 теңге.

Өскемен қаласында бір адамға арналған ауызашар мәзірінің бағасы – 4 500 теңге. Оған үй кеспесі, қоқат қосылған күріш, қой етінің сорпасы, манты, ет және көкөніс қосылған салат, тандыр нан, бауықсақ, күріш және тоқаш кіреді. Сонымен бірге 9 000 – 28 000 теңгенің ауызашар топтамасын да таңдауға болады. Бұл топтама адам саны мен ас мәзіріне қарай таңдалады.

Көкшетау қаласында ауызашар топтамасының бағасы бір адамға 4 770 теңгеден басталып, 10 000 теңгеге дейін жетті. Оған салат, сорпа және ыстық тамақ кіреді. Бауырсақ, құрма мен су көп жерде тегін ұсынылады.

Семей қаласындағы тамақтану орындарында бір адамға арналған мәзір бағасы 4 900 – 6 500 теңге. Ал бірнеше адам болып тапсырыс берсе адам басына 7 500 теңге есептеледі. Мәзірге ыстық тамақ, бірнеше салат, кондитерлік өнімдер мен жеміс-жирек, құрма кіреді. Шай мен су тегін және шексіз ұсынылады. Ал 10 адамға арналған банкеттің бағасы 55 000 – 62 000 теңге аралығында. Бағаға ыстық тағамның түрі әсер етеді.

Астанада дәмхана мен мейрамханалардағы ауызашар бағасы әр адамға 4 990 теңгеден басталады. Оған салат, сорпа мен тікебасар, ыстық тамақ, тандыр нан, су мен құрма кіреді. Орташа баға – 8 000 – 10 000 теңге. Ал қымбат тамақтану орындарында баға 12 000 теңге және одан жоғары.

Талдықорған мен Жезқазғанда бір адамға арналған ауызашар бағасы 5 000 теңге, кей жерлерде 8 500 – 9 000 теңге. Бағаға мәзір құрамы әсер етеді. Ақтау қаласындағы азырашар бағасы – 5 500 - 7 500 теңге.

Павлодар қаласындағы кейбір тамақтану орны 5 500 – 6 500 теңгенің ауызашар мәзірін ұсынады. Оған салат, бірінші ыстық тамақ (борщ, кеспе немесе сорпа), екінші ыстық тамақ, нан, бауырсақ пен сүт қатқан шай кіреді. Құрма мен суды тегін ұсынады. Сонымен бірге 6 590 теңгенің де ас мәзірі бар. Ұлттық нақыштағы ауызашар мәзіріне самса, конитерлік өнімдер, тәтті, кептірілген жеміс, ұлттық сусын кіреді. Бағасы бір адамға – 8 000 теңге. Ауызашар мәзірінің қымбаты - 12 000 теңге.

Қонаев қаласында ауызашар топтамасының құны әр адамға – 5 500 – 6 000 теңге. Оған сорпа, ыстық тамақ, салат, нан мен шырын кіреді. Кейбір тамақтану орны тәтті тағам да ұсынады.

Алматы қаласындағы мейрамханаларда ауызашар топтамасы – 6 450 – 8 100 теңге. Сізге сорпа, салаттар, тауық немесе сиыр етінен ыстық тамақ, тәтті тағам ұсынады. Ал бауырсақ, құрма мен су тегін. Дастархан мол болсын десеңіз, бағасы – 8 500 теңге. Ал ет, балық, салаттың бірнеше түрі мен тәтті тағам, шай мен шырын алсаңыз, бағасы 12 500 – 16 500 теңге болады.

Қарағанды қаласындағы мейрамханалар Рамазан айына түрлі мәзір дайындаған. Баға 6 700 теңгеден басталады. Қазақ, өзбек, ұйғыр, шығыс немесе орыс тағамдарының топтамасын ұсынып, бағасын 8 499 теңге деп бекіткен. Сонымен бірге 12 499 теңгенің топтамасына тапсырыс беруге болады. Оған сорпа, кілегей қосылған албырт балығы, салаттар мен аспаз әзірлеген тәтті тағам кіреді.

Қазақстанда қасиетті Рамазан айы басталды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады

Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ораза уақытында қалай тамақтану керектігі туралы кеңес берді. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум