Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының жаңару деңгейі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамыту қадамдарын ынталандыру тиімді болып тұр. Бұл туралы Сенатта ауыл шаруашылығы техникасы тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасына қатысты күрделі мәселелерді шешу үшін ҚР Индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша трактор мен комбайндарды қаржыландыру мақсатында республикалық бюджеттен 13,5 млрд теңге қаралса, бюджеттік комиссия 2021 жылға 3,5 млрд теңгені қолдаған жоқ.

«Сонымен қатар, алдағы жылдарға қаралған 10 млрд теңге де қолдау таппады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері кәсіпорындарын қолдау мақсатында отандық техникамен қатар шетелдік техника да субсидияланады. Қазақстанда өндірілетін «Есіл» немесе «Вектор» комбайндары орташа есеппен 40-50 млн теңге тұрса, ал импорттық «CLAAS» немесе «John Deer» шамамен 120-150 млн теңге тұрады. Тиісінше, қазақстандық комбайндарға субсидиялар 10-12,5 млн теңге, ал импорттық комбайндарға 30-37,5 млн теңгеге дейін төленеді», - М. Жұмағазиев.

Сенатордың сөзіне қарағанда, мемлекет еліміздегі шаруаларға сатып алынған бір импорттық комбайнның орнына бірден үш отандық комбайнды субсидиялай алады.

«Сондықтан отандық өндірушілерді қолдау және қазақстандық ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамытуды ынталандыру тиімдірек. Өйткені қолдағы ақпарат бойынша қазақстандық техника үш есе көп сатып алынған. Осы орайда субсидиялау мәселесі қайта қарауды талап ететін сияқты. Республика бойынша ауыл шаруашылығы техникасының орташа жаңару деңгейі 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 4,3 пайызды құрады. Ал бекіткен нормативке сәйкес жыл сайын 6 пайызы жаңаруы керек. Бүгінгі жағдайды ескере отырып, орта есеппен алғанда техниканың жаңару деңгейі 8-10 пайыздан кем болмауы керек», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, трактор паркінің 80 пайызының, комбайн паркінің 76 пайызының қолдану мерзімі 10 жылдан асып кетті.


Соңғы жаңалықтар