Қазақстанда автобус жүргізушілеріне қойылатын талапты күшейту жоспарлануда
АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті қолданыстағы заңнамаға автомобильмен жолаушылар тасымалдауды жетілдіру әрі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған өзгертулер әзірледі.
Атап айтқанда, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан «Жол қозғалысы туралы» заң жобасында түнгі уақытта (23-тен таңғы 6-ға дейін) автобуспен және шағын автобуспен қалааралық, облысаралық, ауданаралық, халықаралық жолдарда жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға шектеу қою көзделген.
Аталған ведомство баспасөз хатшысы Ирина Лукьянинаның атап өтуінше, ауыр зардаптары бар жол үстіндегі оқиғалардың басым бөлігі түнгі уақытта халықаралық және республикалық маңыздағы тас жолдарда жолаушылар тасымалдайтын көліктермен орын алады. Мәселен, 2012 жылы орын алған жол-көлік оқиғаларының әрбір төртіншісі түнде тіркелген. Оқиға салдарынан мыңнан астам адам қаза тапса, 4,3 мың жолаушы түрлі дене жарақатын алды.
Сонымен қатар аталған заң жобасында 8 орыннан асатын, жолаушылар тасымалдауға арналған көлік құралдарын басқару құқығы алу үшін жүргізушілердің жасын 23-ке дейін арттыру көзделеді әрі жүргізушінің 5 жыл жұмыс өтілі болуы тиіс.
Айта кетерлігі, осы жылдың басынан бері республика жолдарында 75 оқиға тіркеліп, 8 адам қаза тапса, 120 адам түрлі дене жарақатын алды.