Қазақстанда авторларға арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылуы мүмкін

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда авторлық құқық мәселелерді талқыланды.

Қазақстанда авторларға арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылуы мүмкін
Фото: Досбол Атажан / Казинформ

Алматыда Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова және Сенат пен Мәжіліс депутаттары авторлық қоғам өкілдерімен кездесті. Жиын барысында авторлық құқық және авторлардың құқықтарын ұжымдық басқару ұйымдарына қатысты заң жобасы таныстырылды.

Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков қазіргі авторлық қоғамдарда ашықтық пен авторлар үшін әділетті төлем жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін бірыңғай мемлекеттік реестр құру сұрағы қарастырылып жатыр.

Қазақстанда авторларға арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылуы мүмкін
Фото: Досбол Атажан / Казинформ

— Мен «Абырой» авторлық қоғам құрушыларының бірі болдым, біз ашық әрі әділ ұйым құрғымыз келді. Одан кетіп, біраз жыл өткеннен кейін жұмысымен танысуға келгенімде мұндағы ұрлық пен заңсыздықтан шошыдым. Мысалы, ұйымның бұрынғы директоры өзіне 15 млн авторлық гонорар алған. Не үшін екенін сұрағанымда «мен Facebook-қа пост жазамын» деді. Енді Мәжіліс қабырғасында отырып, осы мәселеге қайта келіп отырмын. Біз креативті индустрияларға өзгерістер енгізу бойынша заң жобасын қарастырып жатқанбыз. Сонда адамның шығаршылығымен пайда болатын креативті индустрияның негізі авторлық құқығы қорғалу керектігін түсіндік. Алдымен, авторлық құқық мәселесіне мемлекеттік монополия енгізуді ұсындық. Бірақ талқылаулардан кейін авторлық қоғамдарды қалдыра отырып, Әділет министрлігімен бірге бірыңғай мемлекеттік реестр құру шешіміне тоқтадық, — деді депутат.

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова әзірленіп жатқан заң жобасына сәйкес цифрлық платформаны Qazpatent ұлттық зияткерлік меншік институты әзірлейтінін атап өтті. Өз кезегінде Qazpatent директоры Сәбит Ахметов жаңа цифрлық платформаның қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

— Қабылданатын заң нормаларына сәйкес бірыңғай цифрлық платформа әзірленеді. Бірінші кезекте платформа ішінде авторлар мен авторлық қоғамдар цифрлық келісімшартқа қол қояды. Қалған қағаз жүзіндегі келісімшарттар заң аясында күшін жоғалтады. Екінші сатыда, авторлық қоғамдар зияткерлік меншікті қолданушылар, яғни кафе-ресторандар, телеканал, ойын-сауық кешендері және т. б. келісімшарт жасап, сосын қанша ақша алып отырғандарын платформада көрсетеді, — деді ол.

Сонымен қатар Сәбит Ахметовтың айтуынша, реестрде әр автордың жеке кабинеті болады.
Одан бөлек реестрде қай музыка кімнің атында екені, қандай коды бар екені көрсетіледі. Дегенмен, авторға төленген қаражат орың өзіне ғана көрінеді, ал жалпы қанша сома жиналғаны бәріне қолжетімді ақпарат болады.

Зияткерлік меншікті пайдаланушыдардан қаражат үш тариф бойынша жиналады: тұрақты бекітілген сома не пропорционалды, яғни тыңдалғанына не қолданылғанына қарай алынады. Оған қоса, аралас тариф болады.

Qazpatent басшысы жоба әлі де пысықталу үстінде екенін еске салды. Оның айтуыша, жаңа цифрлық платформада бір ғана не бірнеше авторлық қоғамды қалдыру туралы шешім қабылданбады. Бұл шешім Парламент қабырғасында қабылданады.

Еске салайық, бұған дейін авторлық құқық мәселесіне мемлекеттік монополия енгізу ұсынысы неге қабылданбағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар