Қазақстанда айықтырғыштар санын арттыру қажет - Қасымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда айықтырғыштар санын арттыру қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда айықтырғыштар санын арттыру қажет - Қасымов

«Қазіргі уақытта елде небәрі 31 уақытша бейімдеу және детоксикация (медициналық айықтырғыш) орталығы жұмыс істейді. Олардың қажеті жоқ деген пікір де бар. Дегенмен, медициналық айықтырғышы жоқ шет ел тәжірибесі ол жақта осы сияқты мекемені құру немесе көмек қызметі не болмаса медциналық мекемені тарту қажеттігін көрсетіп отыр. Біздің жағдайда олардың елдегі желілерін мақсатты түрде кеңейту қажет деген пікірдеміз және оларды ең алдымен әлеуметтік медициналық мекеме ретінде қарастыру керек», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 5 жылда мас күйде жасалған қылмыстардың тұрақты түрде артып келе жатқаны байқалады. Мұндай қылмыстардың 10 пайызы ішімдікке мас күйінде тұрмыстық негізде жасалады. Мәселен, ағымдағы жылы мас күйде жасалған қылмыс саны 13 пайызға өскен. Мұндай деректер Маңғыстау, Алматы, Ақмола, Жамбыл, Атырау облыстарында жиі орын алуда.

Сонымен қатар министр сот тәртібімен маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емдеуге 2800-ден астам адам жіберілгендігін айтты.

«Олардың әрқайсысын медициналық тексеруден өткізу үшін учаскелік полиция 10-15 жұмыс күнін жұмсайды. Осыған байланысты қазіргі уақытта біз аталған тұлғаларды мәжбүрлі емдеуге жіберудің қолданыстағы процедурасын заңнамалық өзгерту бойынша ұсыныс әзірлеудеміз», - деді Қ.Қасымов.