Қазақстанда азаматтығы жоқ 7 мың адам тіркелген

«COVID-19» індеті азаматтығы жоқ адамдардың жағдайын одан әрі қиындата түсті. Себебі жеке басын куәландыратын құжат болмаған соң, ол азаматқа медициналық немесе әлеуметтік көмек көрсетілмейді», - деді Азаматтығы жоқ мәселелер жөніндегі өңірлік кеңесші, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғары комиссар басқармасының Орталық Азия бойынша өкілі Роман Марин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Қазақстан аумағында өткен жылдың қазан айынан бастап азаматтығы және жеке куәлігі жоқ азаматтарды анықтауға арналған бірлескен акция өтті.
«Біз Қазақстан Республикасында әр адамның жеке құқығы қорғалып, оның азаматтығын заңдастыруда барлық мүмкіндік қарастырылғанына сенімдіміз. Өткен жылдың соңында Қазақстан аумағында азаматтығы жоқ 7 мың адам тіркелді. Айтып өткен жөн, «азаматтығы жоқ» мәртебесін ресми түрде алған адам, заң аясында өз құқығын қорғап, азаматтығы бар адамдармен бірдей мүмкіндіктерді қолдана алады. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстарды ІІМ құзырлы және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп атқарып жатқан еңбегі өз жемісін беріп жатыр. Біз де өз тарапымыздан азаматтығы жоқ адамдарға жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз», - дейді ол.
Айта кетсек, осыған дейін ҚР ІІМ Көші-қон комитетінің өкілі елімізде жеке куәлігі жоқ 4,6 мыңнан астам азамат анықталғанын айтты.