Қазақстанда бала күтушісіне сұраныс бар, бірақ ортақ ереже жоқ

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазақстандықтар бала күтушісін әлеуметтік желі арқылы іздейді. Кей аймақтарда орталықтар өз қызметін ұсынады. Тағы бір тобы сөз арасында кеңес беріп, таныстарынан байланыс нөмірін алады. Бұл сала реттеле ме? Kazinform осы мәселені зерттеп көрді.

бала күтуші
Коллаж: Kazinform

Баланы орталыққа апарасыз немесе үйге бала күтушісін шақырасыз

Ақтөбе қаласында қазір бала күтушісінің қызметін іздеген адамдар екеуінің бірін таңдайды. Алғашқысы — «Няня на час» орталығы. Мұндағы ашық деректерге сүйенсек, баланы орталыққа апаратын уақытта алдын ала айтып, төлем жасау керек. 

Үш айдан асқан сәбиден бастап 1 жарым жастағы балаға бір сағаттық күтім жасау үшін орталық 2500 теңге сұрайды. Ал 1 жарым жастан асқан балаларды сағатына 2 мың теңгеге бағып береді.

Орталық ерекше балаларға да қызмет көрсетеді. Балаларды бір сағат бойы бағу 3 мың теңге тұрады. Тек күндіз емес, түнде де балаларды қарап, бағып беруге қарсы емес. Ондағы баға 3000-4000 теңге аралығында.

Ата-ана бейнекамера арқылы қарап отырады. Ал екінші қызмет ұсынушылар балаларды бағу үйін шақырған жерге, сонымен, үйіне барады, түрлі үйірмелерге апарады.

«Анаға көмек» қызмет түрін пайдалану үшін күні бұрын айтып, хабарлауы тиіс. 

Егер қауырт шаруаңыз туындап, дереу шақырсаңыз такси қызметінің ақысын қоса төлейсіз.

Сонымен бірге қауіпсіздік үшін 21:00–ден кейін міндетті түрде такси қызметі шақырылады. Мұнда бір сағат қарап отыру — 1500 теңге. 

Бала күтуші кем дегенде екі сағатқа барады. Қызметке баланы тамақтандыру, қажет болса киімін ауыстыру, ойнату, далаға серуенге шығу, ұйықтату, жөргегін ауыстыру және қажет кезде киімін үтіктеу кіреді.

няня
Фото: Pexels

Құжат сұрайтыны да, сұрамайтыны да бар — бала күтушісі

Ақтөбе қаласының тұрғыны Алтынгүл 8 жылдан бері бала бағады. Ол бұл саланың бір жүйеге келгенін қалайды.

Тек салық, медициналық сақтандыру, зейнетақы төлемдері шығыны қызмет көрсетуші күтушілерден шегерілмеген дұрыс деп санайды.

— Мен қызмет көрсеткен отбасылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Олар ресми тіркеп, жалақы аударуды ұсынды. Бірақ менің өзім қарсы болдым. Себебі жалақыны келісеміз, егер тіркесе түрлі төлемдерге ұсталады. Маған қазіргі табыс маңызды. Медициналық сақтандыру қызметіне де төлемеймін. Қажет кезде ақылы емханалар көмегіне жүгінемін. Кейбіреулері флюорография сұрайды. Сонымен бірге нарколог пен психиатрдың анықтамасын талап етеді. Кейбіреулері ештеңе де сұрамайды. Олар бұған дейін танитын адамдар арқылы сен туралы біліп отырады. Кейбірі таныса да құжат талап етеді. Таяуда сұраған құжаттарын электронды түрде тапсырдым. Бірақ баласы мазасыз болып, өзім кетіп қалдым, — деді қала тұрғыны.

Оның айтуынша, сағатына қызмет көрсететін бала күтушілерінің қызметі жоғары бағаланады. Себебі олар ресми тіркелген орталықтарда жұмыс істейді.

балабақша
Фото: Pixabay

— Орталықта бала күтушісі болып тіркелген адам үнемі үйінде болуы тиіс. Себебі тапсырыс күндіз, кейде түнде түседі. Қонақта отырсаң да шақырып алуы мүмкін. Бала күтушісі бес сағат бала бақса, тең жартысын орталық әкімшісіне төлейді. Қызметтің бұл түрі қымбат секілді. Қазіргі кезде мейрамханаларда да бала күтушісі қызметі бар. Мұндай қызмет Ақтөбеде де кездеседі. Тойда бала бағып жүресің, — деді Алтынгүл.

Ол балалардың жасы әртүрлі екенін, ең кішкентайын үш күннен кейін қолына алғанын айтты.

Бала күтушісі қызметінен қашпай, реттеу керек — медиатор

Медиатор Бибігүл Әбдішүкірқызы әжелер институты болуы керек деп санайды.

— Жоғары болмаса да орта арнаулы білімі болуы керек. Себебі бара-бара елімізде бала күтушісі қызметі шетелдегі секілді жоғары деңгейге көтеріледі. Шетелде бала күтушілері дайындалады. Ал бізде мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі ғана оқытылады. Балабақшада олардың көмекшісі бар. Ол балаларды тамақтандыруға, киіндіруге көмектеседі. Өзімнің де мамандығым — тәрбиеші. Сондықтан бұл саланы жақсы білемін. Қазіргі бала күтушілеріне келер болсақ, оларға талап жоғары. Баланың өзі де өзге қазір. Олар заман ырғағына қарай өзгерген. Тынымсыз, сөзге тоқтамайды, қабақ түйгенді түсінбейді, айқайлағанды қабылдамайды. Ол жаман емес, тек бала күтушілері соған дайын болуы тиіс. Немесе өзі 4-5 баланы өмірге әкеліп, шудың ортасын көрген болуы қажет. Осы кезеңнен өткенде ғана түсінеді, — деді медиатор.

а
Фото жеке архивінен

Ата-ана баласын күтушіге тапсырмас бұрын танысып, біліп, сұрап, ақпаратты сүзгіден өткізуі керек.

Қолындағы анықтамаларға сену де қателік. Оны танитын ортаны біліп қана үйге кіргізуге болады.

— Ана мен бала күтушісі арасында жақсы қарым-қатынас болуы керек. Ана ретінде балаға бере алмағанда күтуші беруі тиіс. Бала сонда ата-анасының, ата-әжесінің, туысқанының жанында өскендей болады. Ал қазіргі күтушілерде ол жоқ. Ақшаға бола жұмыс істейді, сағатына қарап отырады. Одан күтуші шықпайды. Бала сезіп тұрады, дамымайды. Ызақор болып өседі. Ата-аналар баласын танымай қалада сонда. Біз Бала күтушісіне арналған үлкен институт болғанын қалаймыз. Онда біз секілді әжелер сабақ берсе, әрі қарай дамиды. Отбасының қажеттілі үшін ер де, әйел де жұмысқа шықса, бала күтушісіне беруге болады. Ал анасы өзі үйде болса, онда өзі баққаны дұрыс, — деді Бибігүл Әбдішүкірова.

Медиаторға «шаршап кеттім, баламды күтушіге беріп, жұмысқа шығып кетейін деп едім» деп айтатын әйелдер де келеді.

Бибігүл Әбдішүкірова мұндайда әйел баланы емес, өзін бірінші орынға қойғанын айтады.

— 2023 жылы жұмыс беруші бала күтушісін сотқа берді. Бұл іс медиаторларға түсті. Сол кезде тараптарды тыңдадық. Бала күтушіге жұмыс істей алмайтынын, жұмысын ауыстыруын ескерттім. 28 жастағы әйел өте толық, үстінен жағымсыз иіс шығады. Ақша керек болып барған. Бала күтушісі өз-өзіне қарауы тиіс. Күтініп, таза жүруі керек. Тараптың бірі арызды қайтып алды, екіншісі өз айыбын түсінді, — деді ол.

бала күтуші
Фото: Pexels

Екі жылда арыз түспеді — Бала құқықтары жөніндегі уәкіл

Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірер жылда бала күтушісіне қатысты қандай да бір іс тіркелмеді.

Ақтөбе облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Нұржамиля Төлеуова да екі жылда келеңсіз оқиға болмағанын айтты.

— Баланы жақсы көретін, баға алатын адам осы қызметке икемді болады. Педагогикалық, медициналық оқу орнын бітіргені туралы анықтаманы көп адам сұрап жатпайды. Көбі баласының тамағын беріп, күтімін жасаса ала береді. Көбіне әйел адамдарды алады. Бұл жағынан кішкентай балаларды қарайтын балабақшаларда бәрі заңды. Мұнда арнайы білімі бар мамандарды қызметке алады. Ал үй жағдайында тексеріп жатпайды. Менің ойымша педагогикалық, алғашқы медициналық көмек көрсете алатындай білімі бар адам болуы тиіс. Ондай курстар бар, сертификат та береді. Сонымен бірге арнайы медициналық тексеруден өткен болуы тиіс. Ондай маманның талабы да үлкен болады. Бізде орталық ашылып, арнайы мамандар жұмысқа қабылданып, ата-аналармен арада келісімшарт болуы қажет. Сол кезде жақсы болар еді, — деді уәкіл Нұржамиля Төлеуова.

Оның айтуынша, Ақтөбеде ресми тіркелген қызмет көрсетуші жоқ.

— Бар жауапкершілік ата-анада. Баласын кез келген адамға тастап кетуге болмайды. Тек сенімхатпен сенім білдіре алады. Бұл жерде ешкім бала күтушісіне сенімхат беріп жатқан жоқ. Сондықтан егер балаға бірдеңе болып қалса, оған ата-ана жауап беруі тиіс. Заңмен қудалап жатқан ешкім жоқ. Бұл сала заңдастырылмаған, — деді Нұржамиля Төлеуова.

нәресте
Фото: Pexels

ҚР Бала құқықтары туралы заңы 2002 жылы қабылданды

Деректерге сүйенсек, 1989 жылы Бала құқығын қорғау конвенциясы қабылданды.

Ал 2002 жылы «ҚР баланың құқықтары туралы» заңы күшіне енді. Заңда баланың негізгі құқықтары мен міндеттері анық жазулы тұр. 

Соңғы жаңалықтар