Қазақстанда бала күтушісінің қызметі қанша тұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда бала күтушісі қызметінің ең арзаны қай өңірде екенін Kazinform агенттігінің тілшісі анықтап білді.

Қазақстандықтар көбіне 1 - 3 жас аралығындағы балаларына бала күтушісін іздейді. Бірге тұруды қалайтындары аз. Бала бағатын адам ойнатып, кішкентайлардың бар жағдайын жасауы тиіс. Ал есін білетін балаларды балабақшаға апарып-әкелу, мектеп пен үйірмелерге тасу керек.
Еліміз бойынша бұл қызмет Қостанайда арзан болып шықты. Мұнда қызмет көрсетуші адам үйіне барады немесе күтушіге апарып тастайды. Бұл қызмет сағатына 800-1500 теңге тұрады. Ал агенттік арқылы қызмет көрсетсе сағатына 2500 теңге алады. Егер үйде қосымша көмек көрсетсе күніне 5 000-10 000 теңге сұрайды. Бала күтушісінің ай сайынғы қызметі - 110-120 мың теңге.
Оралда да қызмет қолжетімді. Мұнда бала күтушілері сағатына 1000-1500 теңге алады. Ал ай сайынғы жалақысы 100-150 мың теңге.
Шымкентте бала бағатын адам үйіңізге келеді. Оның қызметі сағатына 1200-1500 теңге. Ал егер балаңызды орталыққа апарып тастасаңыз, ондағы қызмет сағатына 1000-1200 теңге. Егер баланың аяғы шықпаған болса, қосымша ақы төлеуге тура келеді. Мұнда бала бағатын адам ай сайын 150-300 мың теңге сұрайды.

Талдықорғанда сағатына қызмет көрсететін бала күтушілері 1000-2000 теңге сұрайды. Олардың ай сайынғы жалақысы 150-200 мың теңге. Семейде де дәл осындай ұсыныс мен сұранысты көруге болады. Мұнда да баға сағатына 1000-2000 теңге. Ал айына 110-150 мың теңге (көбіне аспаз қызметі қоса ұсынылады) тұрады.
Таразда баланы бір сағат бағып отыру қызметі сағатына 800 теңге (баланы орталыққа апару керек) тұрады. Ал бала күтушісі үйіңізге барса, сағатына 1000-3000 теңге төлейсіз. Ай сайынғы қызмет құны шамамен 100-120 мың теңге тұрады.
Ақтөбеде сағатына 1500 теңге сұрайды. Қызылордада да дәл осы баға. Ақтөбеде бала күтушісінің ай сайынғы жалақысы 170-280 мың теңге, ал Қызылордада 60 мыңнан басталып 200 мың теңгеге (ол бала күтушісінің қайда тұратынына байланысты) жетеді.
Жезқазған, Қарағанды, Петропавл қалаларының тұрғындары бала күтушісін бір сағатқа шақырса 2000 теңге төлейді. Ал бір айдың жалақы әр өңірде әртүрлі. Жезқазғанда 70 мың теңгеден басталып 200 мыңға жетеді. Қарағандыда 140 мыңнан басталып 200 мың теңгеге дейін барады. Ал Петропавлда баға 100 мың теңгеден басталады. Сонымен бірге онда сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін бала баққан адам 5000 теңге (сұраныс көбіне бала күтімімен үйде отырған көпбалалы аналардан түседі) алады.
Көкшетауда бала күтушісінің ай сайынғы қызметі 150-200 мың теңге тұрады. Ал сағатына 2000-2500 теңге сұрайды.
Павлодарлықтар баласын бағатын адамның үйіне апарып тастап, сағатына 800-900 теңге төлейді. Ал үйіне шақырса 2000-3000 теңге береді. Егер бала күтушісі түнде бағып берсе, қызмет құны 15 000 теңгеге (сағат 19:00-ден таңға дейін) жетеді. Ай сайынғы қызмет құны - 250-300 мың теңге.
Түркістанда да дәл осы баға. Бала күтушісі сағатына 2000-3000 теңге алады. Ал бір айлық қызметі 100-120 мың теңге тұрады.
Қонаевта баланы бір сағат бағып беретін күтуші 2000-6000 теңге алады. Ал ай сайынғы қызмет құны 110-120 мың теңге.
Атырауда балаға бір сағат бас-көз болып отыру қызметінің құны 2000-8000 теңге. Бала күтушілерінің бір айлық қызметінің құны - 140-160 мың теңге.
Өскеменде бала күтушісінің бір сағаттық қызметі 2500-3000 теңге тұрады. Ал ай сайын 80-120 мың төлеуге болады.
Ең қымбаты - Ақтау қаласында. Мұнда бала күтушілерінің бір сағаттық қызметі 3000-5000 теңге тұрады. Ал ай сайынғы қызмет құны 150-250 мың теңге.
Алматыда бала күтушісі сағатына 2000 теңге алады. Ал егер бала күтушісі үй иесімен бірге тұрса ай сайын 200 мың теңге төлейді. Барып-келіп қызмет көрсетсе айына 350 мвң теңге сұрайды. Сонымен бірге Алматыда демалыс күндері де бала күтушісінің қызметін (қызмет құны - 15 000 теңге) пайдалануға болады.
Елордада баланы бір сағат бағып беру құны 2000-8000 теңге тұрады. Ай сайынғы қызмет құны - 350-500 мың теңге. Астанада көбіне бала күтушісі үй иесімен бірге тұрады. Әрі баланы сағатына емес, қажет кезде бірнеше жыл бойы бағып беруге шақырады.
Kazinform бұған дейін фотограф адамдар қызметінің бағасын салыстырды.