Қазақстанда балалар орталықтарын лицензиялау толық цифрландырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтары электронды лицензиялауға көшіп жатыр.
Қазақстанда балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтары автоматтандырылған қызмет түріне қосылды. Енді ұйымдар лицензия алу үшін өтінімді мемлекеттік органдарға бармай-ақ, толық онлайн форматта elicense.kz порталы арқылы бере алады.
Электронды формат рұқсат құжаттарын алу рәсімін жеңілдетіп, ұйымдардың уақыт және әкімшілік шығындарын азайтады, сондай-ақ процестің ашықтығын арттырады.
Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Оқу-ағарту министрлігі балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталықтарының қызметін міндетті лицензиялауды енгізді. Осыған байланысты заңнамада «балалар сауықтыру лагері» ұғымы «балаларға арналған білім беру-сауықтыру орталығы» терминімен ауыстырылды. Бұл ұйымдардың тек сауықтыру емес, сонымен қатар білім беру қызметтерін де қамтитын кеңейтілген функцияларын көрсетеді.
Лицензия алу үшін elicense.kz порталына кіріп, «Білім беру» бөлімінен тиісті қызмет түрін таңдау, қажетті мәліметтерді толтыру, мемлекеттік баж салығын төлеу және өтінімді электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растау қажет. Лицензия бес жыл мерзімге беріледі, ал өтінімді қарау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін.
Жаңашылдық жыл бойы және маусымдық жұмыс істейтін орталықтарға қатысты және балаларға білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін мемлекеттік те, жекеменшік ұйымдарға да қолданылады.
Лицензиялық талаптар медициналық қызмет көрсетудің, қауіпсіздік жүйелерінің болуын, бекітілген білім беру-сауықтыру бағдарламаларын, санитариялық нормалардың сақталуын, балалардың тұруына қолайлы жағдайлар мен қажетті инфрақұрылымның қамтамасыз етілуін қамтиды.
Аталған қызмет Оқу-ағарту министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлескен жұмысы нәтижесінде іске асырылды.
Айта кетелік балалар лагерьлері мен орталықтарын лицензиялау тәртібі өзгеретіні туралы жазған едік.