Қазақстанда балалардың 40 пайызға жуығы жекеменшік балабақшада тәрбиеленуде
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы балалардың 40 пайызға жуығы жекеменшік балабақшада тәрбиеленуде. Бұл туралы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тақырыбына арналған Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары негізінен мектепке дейінгі салада іске асырылуда. Жалпы, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың саны бес жылдың ішінде 3,5 есеге артып, 3 640-қа жетті. Бұл балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтудың қарқынды өсуіне ықпал етті. Осы орайда 3 жастан 6 жасқа дейінгі баланы қамту 95 пайыздан асты», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, мектепке дейінгі ұйымдардағы орындардың 39,4 пайызы жекемеменшік балабақшада беріледі. Бұл тұрғыда 307 мыңнан астам баланы қамтуға мүмкін болды. Осылайша, жеке секторды тарта отырып, мемлекет шамамен 615 млрд теңгені үнемдеді. Себебі 307 мың баланы қамту үшін жаңа 1 025 балабақша салуды талап етер еді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласына қатысты тапсырмалар берді.