Қазақстанда балаларға зиянды контент таратқан 38 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды
АСТАНА. KAZINFORM – «Киберқадағалау» мониторинг жүйесінің арқасында елде балаларға зиянды әрі заңға қайшы ақпарат таратқан 38 мыңнан астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталды, деп хабарлайды Балалардың құқықтарын қорғау комитеті.
Балалардың цифрлық ортада белсенді болуы және жасөспірімдердің онлайн кеңістікке терең бойлауы ата-аналар мен мамандардан жаңа дағдыларды талап етеді. Комитет дерегінше, онлайн қауіптердің алдын алудағы маңызды тетік – отбасы тарапынан бақылау.
«Ата-ана бақылауын күшейту өте маңызды. Бала қандай сайттарды қарайтынын, кіммен онлайн байланыс жасайтынын қадағалау қажет. Сондай-ақ құрылғыларда ата-ана бақылауы функцияларын қосып қойған жөн. Бұл қауіп-қатерді дер кезінде анықтап, баланы зиянды контенттен қорғауға мүмкіндік береді», – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Қазақстанда балаларды зиянды ақпараттан қорғау жүйесі «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң талаптарына негізделген. Құжат мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін, сондай-ақ қауіпті контентке мониторинг жүргізу, талдау және бұғаттау тетіктерін айқындайды.
2022 жылы заңнамаға «буллинг» және «кибербуллинг» ұғымдары енгізілді. 2024 жылдан бастап жәбірлеу үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Биылғы 10 айда 339 әкімшілік іс тіркеліп, оның 198-і буллинг фактілері бойынша жауапкершілікке тартылған.
Айта кетейік, балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін жасына қарай шектеу ұсынылды.