Қазақстанда балмұздақ бағасы қанша
АCТАНА. KAZINFORM – Күн ысығанда балмұздаққа сұраныс артады. Kazinform тілшісі елімізде сұранысқа ие бірнеше балмұздақтың бағасын білді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, қазақстандық өндірушілер сұраныстың 92%-ын қамтып отыр. Дегенмен отандық өндірушілермен қатар көрші елдерден де балмұздық әкелінеді. Сұранысы жоғарысы - кеседегі пломбир мен эскимо.
Бағасы түріне, салмағына және қолжетімділігіне байланысты 200 теңгеден басталып, 7-8 мың теңгеге жетеді.
Пломбир
Сырты вафли «Бомба» балмұздағының бағасы орта есеппен 250-350 теңге. Бірақ кейбір қалада баға 500 теңгеге дейін жетеді. Балмұздақтың бұл түрі Ақтөбеде арзан. Мұндағы баға - 255 теңге.
Ал ең қымбаты Ақтау қаласында сатылады. Құны - 550 теңге. Еліміздегі Алматы, Атырау, Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Семей, Тараз, Қонаев, Талдықорған қалаларында баға орта есеппен 260-350 теңге болып тұр. Ал Астана, Орал, Көкшетау, Петропавл, Шымкент, Қызылорда мен Түркістанда баға 300 теңгеден басталып, 500 теңгеге жетеді.

Эскимо
Эскимо балмұздағының бағасын салыстыру кезінде көпшілікке таныс Бахрома түрі таңдалды. Орта есеппен бұл балмұздақты 700-800 теңгеге сатып алуға болады. Ең арзаны Көкшетау, Тараз қалаларында сатылады. Баға - 550 теңге.
Ал Петропавл мен Қызылордада қымбат. Баға 1000 теңгеден асады. Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент пен Түркістанда баға 600-700 теңге аралығында. Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Орал, Жезқазған, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Семей, Қонаев пен Талдықорғанда баға 700-800 теңге болып тұр.
Kazinform агенттігі бұған дейін кәмпит пен печенье бағасын жазды.