Қазақстанда банкрот деп танылғандар арасында 79 жастағы қария болған

Қария
Фото: Kazinform

Банкрот деп танылғандардың арасында ер азаматтар 58 пайызды құрады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Атап айтқанда, қазір жекелеген борышкерлер кейбір заңнамалық кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отыр.

«Қазір тиісті заңнамалық өзгертулер дайындап жатырмыз. Біріншіден, соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту ескерілген. Себебі, қазір бірқатар қаржы ұйымдары (лицензиясынан айырылған, жабылған) тиісті тізімде болмағандықтан, біраз адам өтініш бере алмай отыр. Сондықтан заңнамаға өзгеріс енгізбекпіз», - деді Е. Біржанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Мұнымен қоса, азаматтарды соттан тыс банкроттықты қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттарды қоса беру міндетінен босату қарастырылған. Қажет мәліметтерді тиісті ұйымдардың дерекқорынан алу жоспарланған.
Сонымен қатар, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін, борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау ескерілген.

«Статистикаға қарағанда, банкрот деп танылғандардың арасында ер азаматтар 58 пайызды, ал әйелдер 42 пайызды құрады. Банкроттық берілген ең егде жастағы адам 79-да екені анықталды. Ол кісі Қызылорда облысында тұрады. Ең жасы Алматы облысының тұрғыны - 20 жаста», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, адамдардың көбісі өздерінің қарызының сомасын толық білмейді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 9 млрд теңгеден астам борыш сомасына 6,4 мың адам банкрот деп танылды

Соңғы жаңалықтар