Наурыз айынан бері банкроттық бойынша 70 мың өтініш келіп түсті

Банкрот
Фото: Doucefleur/Getty Images

9 млрд теңгеден астам борыш сомасына 6,4 мың адам банкрот деп танылды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Биылғы 3 наурыздан бастап Қазақстан бойынша 70 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Осы өтініштерді қарастыру аясында 9 млрд теңгеден астам борыш сомасына 6,4 мың адам банкрот деп танылды. Соның арасында 3,5 мың адамда қарызының мерзімі 5 жылдан асып кеткен, яғни проблемалы қарыздар санатына өткен», - деді Е. Біржанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Ведомство мәліметіне қарағанда, жолданған 70 мың өтініштің 80 пайыздан астамы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтіні анықталды (56,4 мың өтініш).
Негізгі себептері: жеке басында мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша деректерінің сәйкессіздігі, сондай-ақ кредитормен қарызды өтеу талаптарының дұрыс реттемелмеуі.

Атап айтқанда, қазір елімізде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғаны - соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Азаматтар өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электрондық үкімет порталы арқылы (eGov.kz.), сондай-ақ Е-salyq Аzamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады. Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Qoldau» деп аталатын жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды.

«Банкрот деп танылған адамдардың көбісі Алматы облысында (801 адам), Жамбыл облысында (677) және Алматы қаласында (606) тіркелді. Ал ең азы Ұлытау облысында, яғни 41 адам банкрот деп танылды», - деді вице-министр.

Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгінген.

Соңғы жаңалықтар