Қазақстанда бар-жоғы 281 ревматолог бар – профессор Ғалымжан Тоғызбаев

денсаулық
Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда APLAR-2024 Симпозиумы (mid-term Symposium APLAR-2024) және Қазақстан ревматологтарының 7-ші конгресі өтіп жатыр.

Шараға Жапония, Сингапур, Гонконг, Тайвань, Бангладеш, Үндістан, Филиппин, Катар, Қытай, Тайланд, Австралия, Канада, Ұлыбритания, Колумбия, Германия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның ревматология саласындағы жетекші сарапшылары қатысуда. Ұйымдастырушылардың сөзінше, симпозиум ревматоидты артрит, спондилоартрит, васкулит, остеопороз, микрокристалды артрит және т.б. қоса алғанда, ревматикалық ауруларды емдеу мәселелерін талқылауға арналған алаң болмақ.

Бүгінгі іс-шара Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр. Бұл туралы Қазақстан ревматологтар алқасының төрағасы, профессор Ғалымжан Тоғызбаев айтты.

«Әлемнің 20 елінен мықты мамандары келіп отыр. Шараның мақсаты халқымыздың жағдайын жақсарту, ауруларды ерте анықтау, дұрыс емдеуге қатысты болып жатыр. Біз негізі Қазақстанда Үкіметтің қаулысымен Ұлттық ғылыми орталықты ашуымыз керек. Оны Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетімен бірлесе отырып, істеуіміз керек. Осы және басқа да мәселелерді біз бүгінгі жиында талқылап жатырмыз, сол себепті бұл жиын өте маңызды. Сонымен қатар, болашақта бірлесе ғылыми жобалар жасау, адамдарға көмек беру, буын ауруы бар адамдарды емдеу секілді мәселелерді көтеріп жатырмыз. Жалпы, елімізде бүгін болып жатқан жағдай да күрделі мәселе болып тұр. Осыған орай ауруларды ерте анықтап, ертерек ем дом жасап, халыққа көмек көрсету мәселесі де көтерілуде», - деді Ғалымжан Тоғызбаев.

Оның айтуынша, ревматизм ауруы инфекция, тұқым қуалау, стресстен пайда болуы мүмкін.

«Қазіргі таңда тек қарт адамдар ғана емес, жастарда, әсіресе, жас қыз, келіншектерде көптеп кездесіп жатады. Елімізде бүгінгі күні ревматикалық аурулармен 400 мыңнан астам адам ауырады. Ол ресми статистика. Сол себепті біз ғылыми эпидемиологиялық жобаларды, ғылыми зерттеулерді жасауымыз керек. Соны да бүгін талқыладық», - деді спикер.

Профессор Ұлттық ғылыми орталықты ашу жөнінде Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе жұмыс жасалып жатқанын атап өтті.

«Ғылыми орталықты бір жылдың ішінде ашсақ па деген ниетіміз бар. Осыған орай, қазір бірқатар мәселелер бар, біз оларды Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе шешуіміз керек. Ол Ғылыми орталық Асфендияров университетінің жанынан ашылатын болады», - деді ол.

Қазақстанда ревматолог мамандардың жетіспеушілігі бар.

«Бізде емдейтін заманауи технологиялар бар. Сондай-ақ мемлеткет тарапынан халыққа көптеген дәрілер тегін беріледі. Әрине, бұл мақтанарлық жағдай емес. Біз әлі де соңғы үлгідегі заманауи технологияларды енгізуіміз керек. Жалпы, елімізде ревматолог мамандардың жетіспеушілігі бар, ол 40% құрайды. Десек те, жыл сайын ревматологтарды көбейтіп жатырмыз. Мысалы, 2010 жылы Қазақстанда 78-ақ ревматолог болған. Биылғы жылдың есебі бойынша Қазақстанда 281 ревматолог бар. Ол әлі де жеткіліксіз. Сол себепті елімізде ревматологтардың санын көбейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді Қазақстан ревматологтар алқасының төрағасы, профессор Ғалымжан Тоғызбаев.

Соңғы жаңалықтар