Қазақстанда бас пен мойын обырын ерте анықтауға қатысты мамандар бас қосты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Бас пен мойын ісіктерін ерте кезден диагностикалау» тақырыбында онколог, тіс дәрігерлері және оториноларингологтардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өткізілді.
None
None

Мамандардың арасынан Қазақ Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова, Ресейдің Ростов қалалық онкология ғылыми-зерттеу институтының Бас пен мойын ісіктері бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Марина Енгибарян, Қазақтың Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты жанындағы Бас пен мойын ісіктері орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы профессор Ғалым Әділбаев, Алматы қаласы Денсаулық сақтау Басқармасының бас тіс дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрислам Негаметзянов сөз сөйлеп, осы саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды. 

«Қазір бүкіл әлем бойынша онколог дәрігерлер бас пен мойын қатерлі ісіктерінің көбейіп жатқандығына алаңдаушылық білдіріп жатыр. Бұл аурулардың көбеюіне негізінен олардың білімсіз дамуы, науқастардың ауру белгілерін түсінбдей, оны асқындырып барып, дәрігерге қаралатындығы және құлақ, мұрын және тамақ ауруларын емдейтін дәрігерлер, терапевтер және тіс дәрігерлерінің алдарына келген науқасқа дер кезінде қырағылық тынытып, онкологиялық нышандар бойынша диагностикалық шаралар қолданылмайтындығы себеп болып отыр. Өйткені, науқастар бірінші соларға жүгінеді ғой. Бізде кейбір өңірлерле осы ауру бойынша қаралып жатқан науқастардың 70 пайызында ауру төртінші, яғни асқынып кеткен кезңінде болады. Бұл жерде біз науқасқа тек паллиативті көмек қана көрсете аламыз. Ал егер мұндай ауруларға ерте бастан диагноз қойылатын болса, онда қаралушылардың 90 пайызға жуығы емделгеннен кейін 5 жылдан астам уақыт өмір сүре алады. Тіпті, құлан таза айығып кететіндер де бар», - деді өз сөзінде Д. Қайдарова.
Статистикаға сүйенер болсақ, елімізде жыл сайын 830-дан астам адам ауыз қуысы мен жұтқыншақ қатерлі ісігіне шалдығады. Олардың ішінде асқындырып алғандарының саны - 47 пайыздан асады. Ал, 400-ге жуық адам көмей қатерлі ісігіне шалдығады. Олардың ішінде ауруды асқындырып алғандарының үлес саны - 50 пайызды құрайды.
«Өкінішке қарай, қазақстандықтардың арасында қалқанша безінің қатерлі ісігі - ұлттық қасіретке айналды деуге болады. Бұл дертпен әсіресе Алматы мен Атырау қаласы және Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жиі шалдығады. Жыл сайын елімізде 650-шақты адамның осы қалқанша безінің қатерлі ісігіне шалдыққаны анықталады», - деді Д. Қайдарова.

Қазақстан 2015 жылы Еуропаның бас пен мойынды зерттеушілер қоғамына мүше болды. Сондықтан, еліміз биыл екінші рет осы қоғамның ұйымдастыруымен өтіп жатқан Еуропаның бас пен мойын обырын ерте бастан диагностикалау апталығына қатысып жатыр. Бұл шара бүгін басталды. Апталық Алматы, Қарағанды, Өскемен және Астана қалаларында болады. Мұнда қазақстандықтар 8-800-080-5058 телефоны арқылы диагноз қоюға жазылып, осы қалаларда білікті мамандардың тегін тексеруінен өте алады. Мамандар осы апталық аясында 1600-ден астам адамды тексеруді жоспарлап отыр.
Айта кетелік, әлемде бүгінгі таңда жылына 1 116 000 адам бас пен мойын қатерлі ісігіне шалдығады екен. Осы аурудан жылына 763 000 адам көз жұмады. Қатерлі ісік аурулары ішінде бас пен мойын обыры әлемде алтыншы орынға ие.

Соңғы жаңалықтар