Қазақстанда баспана бағасы қалай өзгереді - «Отбасы банк» төрағасының болжамы
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілер баспана бағасы тұрақтана ма деген сұрақ қойды.
«Өсу қарқыны төмендейді деп ойлаймын. Бұл анық. Өйткені зейнетақы жинағын пайдалану 1 сәуірде аяқталады. Қазірдің өзінде келіп түскен барлық өтінімдер – депозиттерді толықтыруға, ипотеканы өтеуге арналған, ал тұрғын үйді толығымен сатып алуға өтінімдер өте аз», - деп жауап берді Ләззат Ибрагимова.
Банк төрағасы демографиялық жағдайды да ескеру қажеттігін, Қазақстанда бала туу көрсеткіші артып келе жатқанын айтты.
«Жыл сайын 400 000-нан астам бала дүниеге келеді және 60 000-нан астам жаңа неке тіркеледі. Екі мыңыншы жылдардың басында туған балалар өсіп келеді. Осы факторлардың барлығы сұранысқа едәуір әсер етпек. Қазір нарықтағы ұсыныс өте үлкен, бұрын-соңды болмаған 15 млн шаршы метр баспана салып жатырмыз. Менің ойымша, бағаның өсу қарқыны төмендейді. Бірақ қазіргі бағалардың төмендеуіне келсек, бүкіл әлемде болып жатқан инфляцияны ескере отырып, мұндай болжам жасамас едім», - деп атап өтті Л. Ибрагимова.
Бұған дейін Ләззат Ибрагимова зейнетақы жинағын пайдалану арқылы тұрғын үй сатып алудағы ең қымбат және ең арзан келісімшартты атаған еді.