Қазақстанда бензин мен дизельге акциздің жаңа мөлшерлемесі бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Үкіметі бензинге, дизель отынын және басқа да жағармай түрлеріне акциздің мөлшерлемесін бекітті.

- Көрсетілген қаулымен бекітілген бензинге (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынына, газохолға, бензанолға, мұнай еріткішіне, жеңіл көмірсутектер қоспасына және экологиялық отынға арналған акциздер мөлшерлемелері осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын, - делінген құжатта.
Аталған қаулыда отынды көтерме саудада өткізу кезінде акциз мөлшерлемесі мына редакцияда жазылған:
- бензин, газохол, бензанол, мұнай еріткіші, жеңіл көмірсутектер қоспасы және экологиялық отынының 1 тоннасына - 38 134 теңге;
- дизель отынының 1 тоннасына - 35 726 теңге.
Өндірушілер жанар-жағармайды бөлшек саудада өткізуі кезінде:
- бензин, газохол, бензанол, мұнай еріткіші, жеңіл көмірсутектер қоспасы және экологиялық отынының 1 тоннасына - 38 634 теңге;
- дизель отынының 1 тоннасына - 35 786 теңге.
Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың отынды бөлшек саудада өткізуі, сондай-ақ өздерінің өндірістік мұқтаждықтарына пайдалануы кезінде:
- бензин, газохол, бензанол, мұнай еріткіші, жеңіл көмірсутектер қоспасы және экологиялық отынының 1 тоннасына - 500 теңге;
- дизель отынының 1 тоннасына - 60 теңге
Еске салсақ, жақында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі жанармайдың қоры туралы мәлімет берді.