Қазақстанда биіктігі 272 метрлік зәулім мұнара салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Алатау қаласында алғашқы зәулім ғимарат – Iconic Complex көпфункционалды кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстанда биіктігі 272 метрлік зәулім мұнара салынады
Фото: Үкімет

Жаңа кешен Алатау қаласында қалыптасып жатқан іскерлік орталықтың негізгі нысандарының біріне айналады. Инвестиция көлемі $800 млн-нан асатын жоба аясында биіктігі 272 және 78 метр болатын екі мұнара салынады. Мұнда кеңселер, тұрғын үй, қонақүй, сауда орындары мен қоғамдық кеңістіктер орналасады.

Қазақстанда биіктігі 272 метрлік зәулім мұнара салынады
Фото: Үкімет

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев Алатау қаласының дамуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен қалада инвесторларға қолайлы жағдай жасауға және заманауи басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған арнайы құқықтық режим кезең-кезеңімен енгізіліп отыр.

Қабылданып жатқан шаралар инвестициялық белсенділіктің артуына ықпал етеді. 2026 жылдың тоғыз айында Алатау қаласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,6 есеге өсіп, 70,3 млрд теңгеге жетті. Жалпы қаланың инвестициялық портфелінде құны шамамен $6,9 млрд-ты құрайтын 67 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген.

Қазақстанда биіктігі 272 метрлік зәулім мұнара салынады
Фото: Үкімет

Инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен қатар қаланың инфрақұрылымы да дамып келеді. Қазіргі уақытта резервтен 35,3 млрд теңге бөлінген 28 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, «Көкпа-1» қосалқы стансасы қайта жаңғыртылды, сумен жабдықтау нысандары салынып, автомобиль жолдары жөнделуде. Бұл жаңа кәсіпорындарды іске қосуға және құрылыс жұмыстарын одан әрі жүргізуге қажетті жағдай жасайды.

Вице-премьер Iconic Complex кешенінің құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Ол белгіленген мерзімдерді, сейсмикалық қауіпсіздік пен энергия тиімділігі талаптарын қатаң сақтап, сондай-ақ қазақстандық компаниялар мен мамандарды тарту қажеттігін атап өтті.

Қазақстанда биіктігі 272 метрлік зәулім мұнара салынады
Фото: Үкімет

Сонымен қатар арнайы құқықтық режим аясында халықаралық сарапшыларды тарта отырып, жобалау құжаттамасына тәуелсіз техникалық сараптама жүргізу тетігі енгізілді. Бұл күрделі құрылыс жобаларын бағалау кезінде озық халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді.

Қазақстанда биіктігі 272 метрлік зәулім мұнара салынады
Фото: Үкімет

— Iconic Complex жобалау мен құрылыс сапасының жаңа стандартын қалыптастырып, Алатаудың заманауи қала ретінде дамуына үлес қосады деп сенеміз. Жоба белгіленген мерзімде, сапа мен қауіпсіздіктің жоғары талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс, — деді Қанат Бозымбаев.

Iconic Complex жобасының бас мердігері — China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясы. Кешеннің сәулеттік тұжырымдамасын америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросы әзірледі. Құрылысты 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Қанат Бозымбаев Алатауға білікті кадрларды тарту жоспарын айтқан болатын.