Қазақстанда былтыр дәрі-дәрмек өндірісі – 21,8%-ға ұлғайды
АСТАНА. KAZINFORM — Президенттің Жолдауындағы тапсырмалары шеңберінде Үкімет, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту және денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, дәрі-дәрмек бағасын қалыптастырудағы ашықтықты арттыру мақсатында шекті бағаларды есептеу механизмі қайта қаралды. Артық шығындар алынып тасталып, балама дәрілер бағасы түпнұсқа дәрілердің құнының 30%-ына дейін төмендетілген. Тек шығыны жоғары ТОП-20 позиция бойынша ғана күтілетін үнем шамамен 12 млрд теңгені құрайды.
Жалпы алғанда ТМККК және МӘМС шеңберінде шекті бағалардың төмендеуі шамамен – 19%, ал көтерме және бөлшек сауда сегменттерінде – 30%.
Дәрі-дәрмекті тіркеу мерзімі 100 жұмыс күніне дейін жеделдетілді. Ал реттеушілік беделі жоғары елдер үшін (АҚШ, ЕО, Ұлыбритания, Жапония) бұл мерзім «Бір терезе» қағидаты бойынша 15 күнге дейін азайтылды.
Отандық фармацевтика өндірісі белсенді дамып келеді. 2029 жылға қарай қазақстандық дәрі-дәрмек үлесі 50%-ға жетуі тиіс. Бүгінде 210 өндіруші тіркелген, олардың 43-і дәрілік препараттар шығарады. Былтыр өндіріс көлемі – 21,8%-ға, инвестиция – екі есеге, ал экспорт – 32,9%-ға артты.
Отандық кәсіпорындармен 90 ұзақмерзімді келісімшарт және әлемдік фармацевтикалық компаниялар – Pfizer, Hoffmann-La Roche және AstraZeneca-мен үш келісімшарт жасалды. Жалпы құны 400 млрд теңгеге жуық тоғыз инвестициялық жоба қарастырылып жатыр. Фармацевтика нарығының жылдық өсімі 10-13% деңгейінде деп бағаланады.
Айта кетейік, Қазақстанда 10 мыңнан астам фармацевт бар.