Қазақстанда білім беру саласы жаңарып, ЖИ технологиялары жаппай оқытылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын орындау аясында өңірлік білім беру хабын құру бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, бүгінде елімізде Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің жетекші университеттерінің 24 филиалы ашылды. Бұл қазақстандық жастарға шетелге шықпай-ақ озық білім алуға мүмкіндік беріп отыр.
Білім беруді технологиялық жаңғыртудың негізгі элементі – ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған AI-Sana бағдарламасы. Оның мақсаты – студенттерге жасанды интеллект технологияларын жаппай оқыту.
«Бағдарлама жүзеге асып жатқан бес айдың ішінде біздің студенттер 119 жасанды интеллект агентін құрды, тағы 395-і әзірленуде. Нәтижесінде 20 университетте жасанды интеллект, машиналық оқыту және киберқауіпсіздік саласында 25 жаңа білім беру бағдарламасы ашылды», – деді министр.
Технологиялық егемендікті қамтамасыз ету үшін қуатты инфрақұрылым құрылуда. Оның ішінде 42 PFlops өнімділігі бар суперкомпьютерлік кластер бар. Жасанды интеллект бойынша курстар еліміздің барлық жоғары оқу орындарында міндетті пәнге айналды. Бұл IT-мамандар мен ғылыми кәсіпкерлердің жаңа буынын даярлауға негіз қалайды.
«Екі жыл бұрын біз Coursera корпорациясымен келісімге қол қойдық. Соның арқасында 95 университет осы платформадағы курстарға тегін қол жеткізді. Осы уақыт ішінде студенттер 350 мыңнан астам сертификат алып, 2,5 млн сағатқа жуық онлайн-курстардан өтті. Жүйелі жұмыстың арқасында Қазақстан биыл беделді Coursera халықаралық сыйлығының лауреаты атанды», – деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың этикалық стандарты бекітілді.