Қазақстанда бойтұмар «Игілік монетасы» айналысқа шығарылды

«Биколорлы монета бойтұмар-медальон түрінде жасалған. Монетаның жоғарғы бөлігінде алқа немесе бау үшін тесік жасауға болатын ойық орын бар. Монетада тасбақа қабығының пішіні мен түсіндей бейнелі қондырма түрінде тантал пайдаланылады. Монеталарды дайындаған кезде танталдың түсін өзгерту технологиясы қолданылды», Ұлттық банктің баспасөз хабарламасында.
«Игілік монетасы» графикалық композициясының негізіне Қытай мифологиясындағы тасбақа нышанының бірден екі маңызды түсіндірмесі енгізілді. Біріншісі - тасбақа ұзақ өмір, сәттілік және игілік нышаны ретінде. Екіншісі - мықты қорғаныш қасиеті бар Ло Шу сиқырлы шаршысы туралы аңыз.
Аңыз бойынша тасбақа денсаулық пен ұзақ өмірдің нышаны болып табылады. Бойтұмардың негізгі құндылығы ол өзі тұрған үйге сәттілік әкеледі, өмірдің деңгейін арттырады, кез келген істер мен туындайтын міндеттерді шешуге көмектеседі. Тасбақаның қабығы тұрақтылық пен сенімділікті білдіреді, сондықтан бұл жануардың бейнесі үй иесіне, отбасындағы басты адамға көмектеседі.
Аңыз бойынша Ло Шу шаршысы біздің заманымызға дейін 2200 жылдай бұрын Ежелгі Қытайда пайда болды, оған сәйкес Ло өзенінен жағаға үлкен тасбақа жорғалап шықты, оның қабығында нүктелерден тұратын сиқырлы өрнек болды, оны анықтап қараған кезде белгілі бір жүйелілікпен орналасқан цифры бар тоғыз сектор анықталды. Бұл ретте 1 - 9 аралығындағы цифрды сызықтармен жүйелі түрде қосқан кезде ежелгі Қытай сиқырында пайдаланылған «Сатурн планетасының мөрі» нышаны шығады. Бұл нышан сондай-ақ тоғыз императордың нышаны деп аталады. Ол өте мықты қорғаныш қасиетіне ие және бойтұмар ретінде өз иесін қорғау қабілеті бар деп есептеледі. Кез келген бағыттағы сандарды қалай қоссаңыз да бәрібір 15-ке тең сома шығады. 15 деген сан құдыретті сан болып саналады, себебі ол Қытай күн жылының 24 циклының әрқайсысындағы күндер санына сәйкес келеді.
Монетаның бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде ұлттық ою-өрнектің қоршауында монетаның номиналын білдіретін «100 ТЕҢГЕ» деген жазба орналасқан. Жоғары бөлігінде Ұлттық банктің логотипі және ұлттық ою-өрнектің элементтері бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және ағылшын тілінде «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазба және екінші жолында ұлттық ою-өрнек элементтері, соғылған жылын білдіретін «2017» деген сан және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 19,3g Ta 20,0g» деген жазба орналасқан.
Монетаның сырт жағында (реверсінде) «Ло Шу сиқырлы шаршының» тоғыз цифрының стильдендірілген бейнесі тасбақа қабығында бейнеленген. Айналдыра мемлекеттік тілде «ИГІЛІК МОНЕТАСЫ», орыс тілінде «МОНЕТА БЛАГОПОЛУЧИЯ», ағылшын тілінде «THE WELL - BEING COIN» деген жазба және ұлттық ою-өрнек элементтері бейнеленген.
Монета биколорлы дайындалған, салмағы 39,3 грамм (сақинасы - 925/1000 сынамды күмістен, массасы 19,3 грамм, диск - массасы 20 грамм танталдан), сипатталған шеңбер диаметрі - 38,61мм., дайындау сапасы «proof», ең көп таралымы - 2,5 мың дана, қыры (гурты) бедерсіз және жазусыз.
Ұлттық банк таралымның бір бөлігін (ең көп 2000 дана) Қазақстанның ішкі нарығында сатады, тағы бір бөлігін Польша Монета сарайы Қазақстаннан тыс жерлерде сатады. Монеталарды Ұлттық банктің барлық филиалдарында, сондай-ақ ҰБ сайтында «Ұлттық валюта» бөлімінде интернет - дүкен арқылы сатып алуға болады.