Қазақстанда бір күнде екі орман өрті тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 28 қазанда мемлекеттік орман қоры аумағында екі өрт тіркелді. Оның бірі Қостанай облысында, екіншісі Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болған. Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті.
Тиісті қызметтердің жедел әрекет етуінің арқасында өрт ошақтары қысқа уақыт ішінде оқшауланып, толық сөндірілді. Өртті ауыздықтауға мемлекеттік орман күзеті мен Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері және қажетті техника жұмылдырылды.
Қазір өрт қаупінің алдын алу мақсатында орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлері жерүсті және әуе патрульдеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Мамандар азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтап, орман өрттерінің алдын алуға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Бұған дейін Абай облысы Мақаншы ауданында, Қабанбай ауылдық округінің Ұзынбұлақ учаскесінде елді мекеннен 22 шақырым қашықтықта батпақты жердегі ашық аумақта құрғақ шөп пен қамыс өртенген болатын.