Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда бір тәулікте үш орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 7 тамызда Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында үш орман өрті тіркелді.

Қазақстанда бір тәулікте үш орман өрті тіркелді
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Өрттің біреуі Батыс Қазақстан облысында, тағы екеуі Ұлытау және Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумағында болған.

Батыс Қазақстан облысындағы өрт ошағын «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының әуе патрульдеу тобы анықтаған. Өрт туралы ақпарат түскен бойда орман мекемелерінің күштері мен қажетті техникасы оқиға орнына жедел жіберілді.

Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының әуе өрт сөндіру десантшылары, сондай-ақ мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері жұмылдырылды. Нәтижесінде үш өрт те аз уақыт ішінде толық сөндірілді.

Қазіргі таңда ел аумағында аптап ыстық пен найзағайға байланысты өрт қаупі жоғары болып отыр.

Осыған байланысты мемлекеттік орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» күштері күшейтілген режимге көшті. Орман алқаптарында әуе және жерүсті патрульдеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.