Қазақстанда бір жылда әлеуметтік салада не өзгерді

Ақорда
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын ұсынғанына бір жыл өтті. Онда Мемлекет басшысы жаңа тарихи кезеңдегі республиканың негізгі даму бағыттарын белгілеп берді. Атап айтқанда, құжатта экономика, әлеуметтік сала және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер жөніндегі жоспарлар айқындалған. ҚР Үкіметінде Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысында әлеуметтік салада қандай нақты нәтижелерге қол жеткізілгені жайлы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

Жақында ғана Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу үшін заңнамалық түзетулерге қол қойды. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгібарлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелет жасына толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбейді. Осының арқасында әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда барлық сала бойынша жұмыс істейтін шамамен 1,8 млн жалдамалы қызметкердің табысы өсті.

жәрдемақы
Инфографика: Kazinform

Бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша шамамен 632 мың ата-ана 258 млрд теңгеден астам сомаға төлем алды.

Бұрын тауар түрінде берілген атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет монетизацияланды. Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша6 млрд теңгеге 182 мың балаға қосымша төлем тағайындалды.

Түрлі инстанцияларға жүгінбей-ақ, проактивті форматта мемлекеттік қолдау көрсетуді қарастыратын Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) енгізілді. Әлеуетті қызмет алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісемін деп жауап беруі қажет. Өтінішті толтыру және жәрдемақыларды немесе төлемдерді тағайындау автоматты түрдежүзеге асырылады, осыдан кейін қаражат қызмет алушының банк шотына аударылады. Цифрлық карта мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйесіндегі деректер негізінде қалыптасады. Бүгінгі таңда онда 6 млн-нан астам отбасы туралы мәлімет жинақталған.

Отбасының цифрлық картасы ешқандай өтініш жазбай-ақ жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін рәсімдеуге мүмкіндік береді:

  • еңбекке қабілеттігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
  • жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
  • асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер немесе жәрдемақы;
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) жәрдемақы;
  • мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
  • көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  • «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналарға жәрдемақы;
  • атаулы әлеуметтік көмек;
  • жерлеуге берілетін бір реттік төлем.
отбасының цифрлық картасы
Инфографика: Kazinform

ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерiн алу, «қандас» мәртебесi тағайындалғаны/ұзартылғаны, мерзiмiнің аяқталуы және жұмыссыз тұлғаларды жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жасалады.

2029 жылға дейін 3,3 млн-нан астамазаматты жұмыспен қамту міндетін жүзеге асыру үшін 450 мың жаңа жұмыс орнын құру, оның ішінде жастарға арналған 200 мың жұмыс орнымен (44%-ын) қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Жұмысқа орналастыру ұлттық жобалар, кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары және т. б. арқылы жүзеге асырылуда.

Әкімдіктерде өңірлік жұмыспен қамту карталары бекітілді, оған сәйкес 911 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 847мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, оның 420 мыңнан астамы – жастар.

Уақытша жұмыссыз қалған азаматтарды қолдау жүйесі,оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлемдер көлемін кірістің 45%-ына дейін ұлғайту арқылы күшейтілді. 1 қарашадағы жағдай бойынша 37,8 млрд теңге сомасында 172,3 мың адам алды.

Еңбек заңнамасын либеризациялау және жұмысқа алудың жаңа формаларын (қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс кестесі, жарты күндік жұмыс күні) дамыту мақсатында биылғы 1 шілдеден бастап тиісті түзетулер енгізілді. Осылайша, ресми түрде келесі режимдер пайда болды: бірлескен жұмысқа орналасу, икемді жұмыс кестесі, тараптардың келісімі бойынша 4 күндік жұмыс аптасы (5 күндік немесе 6 күндік жұмыс аптасына кезектестіру құқығымен) және платформалық жұмыс.

Халықтың әлеуметтік жағынан әлжуаз топтары қатарындағы, оның ішінде мүгедектігі бар кәсіпкерлерге 9 мыңнан астам грант (400 АЕК-ке дейін)берілді.Грант алу үшін business.enbek.kz порталы арқылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқуы қажет.

I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын отбасы мүшелеріне жеке көмекші ретінде еңбек ақысын төлеу және жұмыс уақытын еңбек өтіліне қосып тіркеу мүмкіндігі енгізілді.

ҚР азаматтарының мүддесін қамтамасыз етуге бағытталған ішкі еңбек нарығын қорғау шараларын күшейту шеңберінде 2023 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасыөткен жылмен салыстырғанда 21,5%-ға қысқартылды.

бір жылда не өзгерді
Фото: Kazinform

Жетім балаларға арналған 36 ұйым балаларды қолдау орталықтарына трансформацияланды.

Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтарымен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды.

Бұған қоса орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет жұмысының жаңа қағидаттары бекітілді. Бұл шаралар тиісті мамандардың тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында психологиялық қолдау орталықтары құрылды.Бұдан бөлек, педагог-психолог қызметі цифрландырылды – бұл оларға консультациялық көмекке мұқтаж балалармен арнайы жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

ҚР Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, ол жастарды әртүрлі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды кеңейту, жастар кәсіпкерлігін ынталандыру, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету және т. б. көздейді.

Биылғы 1 наурыздан бастап жас кәсіпкерлерге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жылдық 2,5%-бен шағын несие беру көзделген. 7,4 мың өтінім қабылданды, 24,1 млрд теңге сомасына 5,3 мыңнан астам шағын несие мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар