Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті мажарлық кәсіпкерлерге толық қолдау көрсетіледі - Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Мажарстанның сауда және экономикалық байланысты нығайтуға зор әлеуеті бар. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Тоқаев Шуйок
Фото: Ақорда

- Қазақстан мен Мажарстан өзара түсіністік пен терең тарихи тамырластыққа негізделген өзара қарым-қатынасты бөліседі. Мажарстанның еуропалық елдердің ішінде алғашқылардың бірі болып Қазақстан тәуелсіздігін мойындауын жоғары бағалаймыз. Осыдан 11 жыл бұрын стратегиялық келісімге қол қоя отырып, ынтымақтастығымызды нығайттық. Мажарстан Қазақстанмен мұндай декларацияға қол қойған бірінші орталықеуропалық ел болды. Бүгінде саяси диалогымыз бұрын-соңды болмаған қуатқа ие, - деді Мемлекет басшысы.

Президент екі елдің арасындағы сауда және экономикалық байланысты мығым деп бағалап, одан ары дамыту үшін зор әлеуетке ие екенін айтты.

- Өткен жылы екі жақты тауар айналымы 200 млн долларға жуықтады және осы жылдың 8 айында 22 пайызға өсті. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында 35 мажарлық компания жұмыс істеп жатыр. Олар Қазақстан экономиикасына Мажарстаннан 400 млн доллардан астам инвестиция әкелді. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері, денсаулық сақтау, қаржы, логистика сынды салаларда құны 700 млн доллардан асатын 20 бірлескен жобаны іске қостық. Дегенмен, әлі де қозғалмаған әлеуеттің мол екенін түсінеміз. Сондықтан бар мүмкіндіктерді зерделеу және пайдалану үшін тиімді шаралар қабылдау қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі ел арасында энергетика, көлік және логистика, қаржы, цифрландыру, жасанды интеллект, фармацевтика салаларында ынтымақтастық үшін мүмкіндік бар екенін айтты.

- Мажарлық кәсіпкерлер Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында біздің толық қолдауымызға сенім арта алады, - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокты қарсы алды.

 

Соңғы жаңалықтар