Қазақстанда бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану үшін 1,5 трлн теңге үнемделді
АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстандағы ішкі мемлекеттік аудиттің жаңғыруы: бастаудан озық технологияларға дейін тақырыбында өткен брифинг барысында журналистер су тасқынынан кейін Президенттің «елдегі барлық іс-шараларды реттеп, қаражатты үнемдеп, дұрыс бағыттағы шараларды өткіземіз» деген сөзіне байланысты, қаншалықты қаржы үнемделгенін сұрады.
ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жауап берді.
– Бұл сұрақ тікелей біздің құзыретімізге кірмейді. Алайда баяндамамда айтқандай, бюджетті алдын ала жоспарлау кезінде біз камералық бақылау арқылы бюджеттік өтініштерді мониторингтедік. Негізсіз жоспарланған қаражаттарды анықтап, 1,5 трлн теңгеге дейін үнемдеуге, негізсіз фактілерді жойып, бюджетті бекітуге дейін түзетуге мүмкіндік алдық, – деді ол.
Сонымен қатар журналистер 2024 - 2026 жылдар аралығында үнемделген қаражаттың қай салада жұмсалмағанына да мән берді.
– Республикалық бюджет бойынша 23 орталық органның өтініші қаралған, олардың жартысынан көбінде кемшіліктер анықталған, - деді Ержан Мыңжасаров.
Ол әлеуметтік салада 1 миллиардтан астам қаражаттың онлайн бюджет мониторингі барысында үнемделгенін атап өтті. Әсіресе білім саласында Жетісу және Қызылорда облыстарында айлық ақыларды төлеу кезінде жымқыру фактілері анықталып, құқық қорғау органдарымен бірлесіп тиісті шаралар қолданылғанын.
Сонымен қатар Ержан Мыңжасаров өзінің баяндамасында «Мемлекеттік жоспарлау» ақпараттық жүйесінің онлайн бюджеттік мониторинг институты 2026–2028 жылдарға арналған бюджеттік қаражатты шамадан тыс және негізсіз жоспарлау фактілерін анықтап, тоқтатуға мүмкіндік берді. Бұл жалпы 1,5 трлн теңгеге дейінгі соманы қамтиды деп хабарлады.
Айта кетейік, Президент алдағы үш жылға арналған бюджет туралы заңды мақұлдады.