Қазақстанда деректер орталықтарын салғанда үш мәселеге назар аудару қажет – халықаралық сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда деректер орталықтарын салғанда жабдықтарды дұрыс таңдау, су тапшылығы мен ауа сапасын ескеру қажет. Бұл туралы халықаралық сарапшы Константинос Баларас Астанада өткен панельдік сессияда айтты.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанның суық қысы деректер орталықтары үшін тиімді. Өйткені жылдың осы мезгілінде сырттағы салқын ауаны серверлерді салқындатуға пайдалануға болады. Бұл электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді.
– Мысалы, қыста үйіңіз ыстық болса, терезені сәл ашып қоясыз. Сол сияқты деректер орталықтарын да сырттағы суық ауаның көмегімен салқындатуға болады. Бұл – олардың жұмыс істеуі үшін өте қолайлы жағдай, - деп түсіндірді Константинос Баларас.
Ал жазда жағдай өзгереді. Күн ысыған кезде серверлерді салқындату үшін арнайы жабдықтар қажет. Сондықтан сарапшы электр энергиясын аз тұтынатын әрі тиімді жұмыс істейтін технологияларды таңдаудың маңызын атап өтті.
Дегенмен спикердің сөзінше, мәселе тек электр энергиясына кеп тірелмейді.
– Кейбір салқындату жүйелеріне көп мөлшерде су қажет. Ал су тапшылығы бар өңірлерде бұл деректер орталықтарының жұмысына қиындық туғызуы мүмкін, - деді ол.
Сонымен қоса Константинос Баларас ауа сапасына да назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанның кейбір өңірлерінде болатын шаңды дауылдар жабдықтардың жұмысына кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті деректер орталықтарын жобалағанда ауаны сүзу жүйелерін де қарастыру қажет.
– Ең алдымен үш мәселеге мән беру керек. Олар – жабдықтарды дұрыс таңдау, су тапшылығы және ауа сапасы. Инженерлер осы жағдайлардың барлығын жан-жақты зерттеп, тиімді шешім қабылдауы тиіс, – деді сарапшы.
Константинос Баларастың пікірінше, Қазақстанда деректер орталықтарын салғанда қыстың суығы мен жаздың ыстығын қатар ескерген жөн. Бұл электр энергиясы мен суды үнемдеуге, сондай-ақ орталықтардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Константинос Баларас Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығын азайту үшін жаңа қуат көздерін іске қосумен шектелмей, энергияны үнемдеуге және көрші мемлекеттермен электр алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беру қажет екенін айтқан еді.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік органдар мен компаниялардың деректерін, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды жоспарлап отыр.