Қазақстанда ЕАЭО мемлекеттеріне рұқсат етілмейтін өнімдерді тасымалдау тәртібі нақтыланды

АСТАНА. KAZINFORM – Арнайы құжаттар болған жағдайда рұқсат етілмейтін өнімдерді ЕАЭО елдеріне апаруға мүмкіндік бар. Бұл жөнінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қосылған құн салығын әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Байдос Байбозин толығырақ айтып берді.

ЕАЭО жалпы ішкі өнімі 10 жылда 2,5 триллион доллардан асты
Фото: Ақорда

Қазақстан ДСҰ-ның төмендетілген мөлшерлемесі қолданылған тауарларды ЕАЭО мемлекеттеріне апаруға жол бермеу жөнінде міндеттеме қабылдағаны белгілі. Сол себепті, Алып қою тізбесіндегі өнімдерді аталған елдерге тасымалдау үшін бірқатар құжаттар болуы тиіс.

– Алып қою тізбесіндегі тауарларды тасымалдауға заңды жол ашатын ең басты құжат – электрондық шот-фактураның (ЭШФ) қағаз көшірмесі. Онда Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органының мөрі болуы керек, – деді Б. Байбозин.

Сондай-ақ, оның сөзінше, ЭШФ-ның қағаз көшірмесімен бірге төмендегі құжаттардың бірі ұсынылуы шарт:

• Үшінші елдерден Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифі мөлшерлемелері бойынша бұрын әкелінген тауарлар тасымалданған жағдайда – Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органының мөрімен куәландырылған кедендік декларацияның көшірмесі;

• ҚР аумағында өндірілген тауарлар тасымалданған жағдайда – ТМД-дағы тауарлардың шығу елін айқындау қағидалары туралы келісімнің ажырамас бөлігі саналатын қағидаларға сәйкес берілген СТ-1 нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаттың түпнұсқасы (Еуразиялық үкіметаралық кеңес шешімінде өзгеше көзделмеген жағдайда);

• Еркін экономикалық аймақтар мен еркін қоймалар аумағында өндірілген тауарлар тасымалданған жағдайда – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген СТ-KZ нысанындағы шығу тегі туралы сертификаттың түпнұсқасы немесе оның «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы куәландырған көшірмесі;

• Басқа ЕАЭО мүше мемлекеттерден бұрын әкелінген тауарлар тасымалданған жағдайда – тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініштің көшірмесі (тауарларды экспорттау және импорттау, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жанама салықтарды алу тәртібі және олардың төленуін бақылау тетігі туралы хаттамаға сәйкес, Шартқа № 18 қосымша).

Айта кетейін, мұндай ереже 2015 жылғы 16 қазандағы Бурабай хаттамасында және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2016 жылғы 12 тамыздағы №5 шешімінде көрсетілген.

Ал Алып қою тауарларының тізбесі Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2015 жылғы 14 қазандағы №59 шешімімен бекітілген.

Еске салайық, бұған дейін таратқан ақпаратта СТ-1 сертификатымен расталатын тауарлар тізбесінде 309 өнім бар екені және олардың толық тізімін eec.eaeunion.org сайтында көруге болатыны жөнінде жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум