Қазақстанда екі жыл ішінде балаларды қорғауға бағытталған 11 заң қабылданды — Динара Закиева
АСТАНА.KAZINFORM — Соңғы екі жылда Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге бағытталған 11 заң мен бағдарлама қабылданды. Сонымен қатар 158 нақты шараны қамтитын «Қазақстан балалары» бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Астанада өткен Silk Power 2026 алаңында мәлімдеді.
Іс-шара барысында Д.Закиева балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алдын алу жүйесін дамыту және отбасыларды қолдау шаралары туралы айтты.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы екі жылда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, алдын алу жүйесін дамытуға және отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге бағытталған 11 негізгі заң мен бағдарлама қабылданды, — деді Закиева.
Оның айтуынша, өңірлерде әкімдіктер жанынан балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылып жатыр. Сонымен қатар мамандарды оқыту және жүйені жетілдіру жұмыстары жалғасады.
Омбудсменнің айтуынша, бұл жұмыстың нақты нәтижесі де бар.
— Тек өткен жылдың өзінде құзырлы органдар балалардың қауіпсіздігіне қатысты 50 мыңнан астам жағдайды анықтады. Отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп, балаларға құқықтық қорғаныс қамтамасыз етілді, — деді ол.
Сондай-ақ Закиева биылғы жылдың басында қабылданған «Қазақстан балалары» бағдарламасы туралы да айтып өтті.
— «Қазақстан балалары» бағдарламасында балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған барлық шаралар жүйелендірілді. Жоспар 158 нақты қадам мен шараны қамтиды. ЮНИСЕФ бұл жобаның балаларды қорғау шараларын елдің негізгі заңында жоғары деңгейде күшейтуге қосқан үлесін атап өтті, — деді ол.
Айта кетейік, Silk Power алаңы медицина, медиа, коммуникация саласының мамандарын, мемлекеттік органдар мен қоғамдық сектор өкілдерін қоса алғанда, әртүрлі саладағы әйелдерді біріктірді.