Қазақстанда екі ірі алтын кен орны бар - ҚР Минералдық ресурстар академиясының президенті Ғ.Бекжанов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Орталық Азиядағы ірі алтын кен орындары. Қазақстанның алтын өндірісінің әлеуетін нығайту» халықаралық симпозиумы басталды.
None
None

«Елімізде «Бақыршық» (ШҚО) пен Васильевское (Ақмола облысы) деген өңірлерде алтынның екі ірі кен орны бар, ондағы бағалы металл қоры 500 тоннадан асады. Осы кен орындарының арқасында біз Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған міндеті - алтын өндірісін жылына 70-100 тоннаға дейін жеткізуді орындай аламыз. Осы өткізіліп жатқан симпозиумның өзі Президент бастамасына үлес қосу», - деп мәлім етті ҚР Минералдық ресурстар академиясының президенті, Минералдық ресурстар халықаралық академиясының бірінші вице-президенті Ғинаят Бекжанов.

Оның сөзіне қарағанда, осы екі кен орнының арқасында ғана Қазақстан жылына 80 тоннаға дейін алтын өндіре алады. Бұл міндет күрделі, бірақ оны барлық кадрлық және материалдық-техникалық ресурстарды бір жүйеге келтіру арқылы орындауға болады.

«Бүгінгі таңда Қазақстанда барлығы 80-ге жуық зерттелген алтын кен орны бар. Егер біз жылына осы ірі екі кен орнынан 60 тоннаға жуық алтын өндірсек, қалған 40 тоннасының орнын шағын кен орындары жабар еді», - деп нақтылады академик.

Айта кетейік, бұл симпозиум 14 наурызға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар