Қазақстанда экономикалық блок қызметкерлерін ММУ бағдарламасы бойынша оқыту ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының директоры Александр Сидоровичпен кездесті. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.
— Кездесу барысында филиал директоры 2024 жылы магистратурада қосымша орын бөлудің нәтижесінде бірқатар заманауи білім беру бағдарламасы іске қосылғанын атап өтті. Олардың ішінде: «Есептеу технологиялары және жасанды интеллект әдістері», «Математика және деректерді талдау әдістері», «Мәдениетаралық коммуникация және аударма», «Қалалар мен өңірлердің төмен көміртекті дамуын басқару», «Қазіргі экономикадағы статистика және деректерді басқару» бар, — делінген хабарламада.
Бүгінде филиалда 717 студент оқыса, оның 523-і бакалавриатта, 194-і магистратурада. 2025-2026 жылдарға жаңа бағыттар бойынша бакалавриатқа қабылдау 90 орынға кеңейтілді (50 — 2025 жылы және 40 — 2026 жылы). Түлектер тарапынан қызығушылықтың артуы жаңартылған бағдарламаның қажеттілігін көрсетіп, магистратураны одан әрі дамытуға негіз болды.
Үкіметтің мәліметінше, кездесу кезінде Александр Сидорович 2026 оқу жылында экономикалық блоктың мемлекеттік қызметшілерін ММУ «Ұлттық экономика және экономикалық саясат» кешкі магистрлік бағдарламасы бойынша екі жыл мерзімге оқыту мүмкіндігін қарастыруды ұсынған. Талапкерлердің тізімі болған жағдайда ММУ филиалы түсу емтихандарына сәтті дайындалу үшін бірқатар дәріс ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырады.
Жиын соңында Серік Жұманғарин Ұлттық экономика министрлігіне Қаржы министрлігімен және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-мен бірлесіп, мемлекеттік қызметшілерді іріктеу тәртібімен қатар осындай оқытуды ұйымдастыру мүмкіндігін жан-жақты пысықтауды тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін Серік Жұманғарин транзиттік жүкті кедендік тексеру санын азайтуды тапсырған еді.