Қазақстанда елді мекендерден 10 млн. текше метр қар шығарылды - В.Беккер
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда елді мекендерден 10 млн. текше метр қар шығарылды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім етті.
«Ағымдағы жылы тұрғын үйлердің су астында қалуына жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 10 млн. текше метрден астам көлемдегі қарды шығарды», - деді ол.
Комитет басшысының айтуынша, су тасқыны маусымы кезінде 90 шақырым бөгет салынып, 455 қоршау бөгеттер жөндеуден өткізілген, өзендердің жағалаулары нығайтылып, өзен табандары тереңдетілген. Мұнан бөлек, ҚР Ішкі істер министрлігі жергілікті және орталық атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын да тыңғылықты жүргізген. Ағымдағы жылы су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін 27,5 тонна жанармай, 300 млн. қап инертті материал, 1,3 млн. қапқұм, 150 тонна жарылғыш зат әзірленген.
«Бүгінгі күні төтенше жағдайлар аумағында 36 мың метрден астам уақытша бөгеттер тұрғызылып, 145 мыңнан астам қап инертті материалдар төселді, 1 млн. тоннадан астам тасыған су кері ағызылды», - деді В.Беккер.