Қазақстанда ең арзан лимонды қай өңірден сатып алуға болады?

АСТАНА. KAZINFORM — Күн салқындаған кезде адамдар суық тиіп ауырады. Сол кезде иммунитетті көтеріп, С дәруменіне бай өнімдерді тұтынады. Оның көзі - лимон. Kazinform агенттігінің тілшісі еліміздің өңірлеріндегі лимон бағасын салыстырды. 

лимон бағасы
Фото: Midjoyrney

Қазақстан базарларына лимон Түркия, Өзбекстан (Ташкент), Оңтүстік Африка, Қытай, мен Аргентинадан жеткізіледі. Сонымен бірге еліміздің оңтүстік өңірлерінде лимон өсіріледі. Дегенмен Түркия мен Ташкенттен әкелінетін цитрус қолжетімді. Бұл өнімді базар сөресінен жиі кезіктіруге болады. Қазақстан бойынша лимонның келісі орта есеппен 1 000-1 200 теңге тұрады. Бір данасы шамамен 150-200 теңге тұрады.

Қарағанды базарларында таңдау мол. Соған сәйкес баға да әркелкі. Мұнда Оңтүстік Африкадан жеткізілген лимонның келісі 850 теңгеден басталады. Ал Қытайдан әкелінген цитрустың келісі 900 теңге тұрады. Аргентина өнімі келісіне - 1 000 теңге. Қарағандыда жергілікті «Топар» лимонын да сатып алуға болады. Құны келісіне 2 500 теңге тұрады. 

Шымкент пен Оралда лимонның келісі 900-1 000 теңге тұрады. Бұл ломонның қабығы қалың болып келеді. Шымкентке қабығы жұқасы Түркия мен Ташкенттен жеткізіледі. Келісі 1 165-1 500 теңге тұрады. 

Жезқазғанда лимонның келісі 900-1 400 теңге тұрады. Ал Қостанайда импортталған цитрустың ең арзаны келісіне 949 теңгеден сатылып жатыр. Өзбекстаннан әкелінген сұрпы 1 699 теңге тұрады. Мұнда бір дана лимон шамамен 220-230 теңгеге шығады.

Лимон
Коллаж: Kazinform

Аргентинадан әкелген лимонның келісі Таразда 950 теңгеден сатылып жатыр. Ал Ташкенттен жеткізілгені 1 390 теңге.

Қызылорда, Петропавл, Өскемен, Семей және Ақтөбеде лимонның келісі орта есеппен 1 000-1 200 теңге тұрады. Қызылорданың кей жерлерінде лимон келісі 1 500 деп көрсетілген.

Көкшетауда лимон бағасы 1 000-1 400 теңге деп құбылып тұр. Алматы мен Қонаевта Қытайдан әкелінген лимонның келісі 1 000 теңге тұрады. Демек бір данасы 120-150 теңгеге шығады.

Ташкенттің лимоны 1 200 теңгеге саудаланып жатыр. Сәйкесінше бір данасы 150-200 теңге болады.

Атырау супермаркеттерінде бір келі лимон бағасы 1 080 теңге. Ал қарапайым ғана дүкенде келісі 1 200 теңге. Бір лимон сатып алғыңыз келсе 200 теңге төлейсіз.

Талдықорғанда лимон келісі орта есеппен 1 350 (Ташкент) және 1 100 (Қытай) теңге тұрады.

Астанада түрік лимонының келісі 1 199 теңге тұрады. Өзбекстаннан әкелінген лимон құны да осы шамада. Тек дүкендерде 16% жеңілдікпен сатылып жатыр.

Павлодарда лимонның келісі 1 200 теңге тұрады. Ал ең қымбат цитрус Түркістанда сатылып жатыр. Мұнда келісі - 1 500 теңге.

Сатушылардың айтуынша, лимон бағасына бірнеше фактор әсер етеді. Лимонның қайдан әкелінгені, қаншалықты ұзақ сақтауға болатыны маңызды. Сонымен бірге қатты немесе жұмсақ болса да (қаттысы жақсы болады) бағаға әсері бар. Тұтынушыларға қабығының жұқа болғаны жақсы. Мұндай лимон көбіне Ташкенттен әкелінеді. Оның дәмі де ерекше. Сондықтан да Түркияға қарағанда Өзбекстаннан жеткізілетін лимон бағасы жоғары.

Лимонды ұзақ сақтау үшін температура 5 градустан жоғары болмауы тиіс. Сонымен бірге полиэтилен пакетіне салуға болмайды. Ол кезде көп ұзамай бұзылып, шіри бастайды. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы клининг қызметінің құны туралы жазылды.