Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі өмір сүруге жете ме
«Расында да, әлеуметтік желілерде қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейіне өмір сүру мүмкін емес деген пікірлер айтылады. Мен сіздерге Қазақстанды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырып, ресми деректер келтіре аламын. Немесе тұтыну қоржынына қарасаңыздар, Франция мен Қазақстанның ет, жеміс-жидек және көкөністі тұтыну деңгейі шамалас. Біз Франция мен Германиядағы күнкөріс деңгейімен шамалас болғымыз келеді. Оған бірте-бірте жақындап келеміз. Бүгінде тұтыну қоржыны дұрыс тамақтану мен ағзаға қажетті дәрумендерді, еңбекке қабілетті арттыратын қуат көзін қамтамасыз ететін 43 азық-түлік өнімінен құралған. Және бұл ең төменгі тұтыну қоржыны. Жалпы шамасы жететіндер бұдан да көбірек азық-түлік түрлерін тұтынады», - деді Светлана Жақыпова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр масылдықты көбейтпеу үшін мемлекеттің базалық төлемдері де минималды деңгейде болуы қажеттігін айтты және Еуропа елдеріндегі тәжірибені мысал ретінде келтірді.
«Германияда әлеуметтік төлемдер өте жоғары деңгейде, бірақ халқы шамасы жетсе, еңбек етуге талпынады. Не үшін? Себебі, оларға шектеу көп. Мемлекет тарапынан көмек алатындарға пәтерін ауыстыруға болмайды, көлік алуға рұқсат берілмейді. Оларға қымбат маркалы теледидар сатылмайды. Себебі мемлекет мұның барлығын қамтамасыз етуге міндетті емес. Мемлекет базалық деңгейде ғана көмек көрсете алады. Сол үшін мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі 1500 еуро төленетін әлеуметтік көмектен бас тартып, 1000 еуро төленетін жұмысқа орналасуды көздейді», - дейді вице-министр.
С.Жақыпованың айтуынша, елімізде мұндай стандарттарға дәл осындай күштік әдістермен жетуге болмайды, ол үшін халықтың санасын өзгерту қажет. Сонда ғана мемлекеттік көмекке шын мұқтаждар ғана қалады және төлемдер сәйкестендіріледі. Сондай-ақ, министрлік өкілі еліміздің экономикалық мүмкіндіктерін де ескеру қажеттігін атап өтті.
«Барлық төлемдерді шектен тыс көбейте берсек, ел бюджетіне ауыр салмақ түседі. Еліміздің бюджетін кім құрайды? Біздің туыстарымыз, таныстарымыз жұмыс істейтін кәсіпорындар және өзге де мекемелер. Егер аталған төлемдерді көбейтсек, салықты да өсіруге тура келеді. Салық көбейсе, кәсіпорындар жабылады. Біз бұл кезеңді бастан өткергенбіз», - деді Жақыпова.
Сонымен бірге, Светлана Жақыпова өз табысын жасырып қалып, міндетті төлемдерді, жарналарды төлемейтін жандармен күресу қажеттігін баса айтты.
«Шын мәнінде өз елінің гүлденуін қалайтын халық табысын көлеңкеде жасырып, мемлекетке қол жаятындармен күресуі керек», - деп өз сөзін түйіндеді С.Жақыпова.
Еске сала кетсек, 2017 жылдың 1 қаңтарында базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 24 мың 459 теңге көлемінде бекітілген еді. Соңғы деректерге сәйкес,биылғы қазан айындағы күнкөріс деңгейі 25 мың 738 теңгені құрады.