Қазақстанда еңбекке қабілетті халықтың үштен бірі жоғары білімді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев еліміздегі және көршілес елдердегі жоғары білімді адамдардың санын салыстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Ресейде жоғары білімі бар халықтың үлесі Қазақстанның барша тұрғындарына шаққандағы көрсеткіштен асып отыр.
«Яғни оларда жоғары білімді адамдар 18 миллионға артық. Ал біз бірыңғай экономикалық кеңістіктеміз. Үш күн бұрын біз Қытайда болдық. Бұл елде 55 млн. мектеп түлектері, 8 млн. жоғары оқу орындары түлектері бар және олар осы көрсеткішті үш есеге арттырмақ. Жалпы, барлық елдердің бүгінгі бағдарына тоқталатын болсақ, қазіргі уақыттағы экономика үшін еңбекке қабілетті халықтың 50 пайызы жоғары білімді болуы тиіс. Бізде бүгінде сәйкесінше 34 пайыз деңгейінде. Егер де есептеп қарасақ, бір миллион адам жетіспейді»,-деді министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында.
Оның пайымынша, бірыңғай экономикалық кеңістікте бесекелесе отырып, Қазақстан жоғары білімді адамдарға сенім арта алады. Сонымен қатар қысқа мерзімде түбегейлі басқа мамандықтарды қайта меңгеріп шығатындай адамдарға жағдай жасау керек.
Сағадиев сарапшылардың тұжырымына сүйене отырып, жоғары білімді адам тұрақты жұмыс орындарын құруға қауқарлы екендігін атап өтті.
Заң жобасы «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам - Ұлт жоспарының» 78-қадамын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Онда Назарбаев Университетінің тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін сатылай кеңейту ексерілген.