Қазақстанда енгізіліп отырған мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі қоғамның өскелең талабына жауап бермек

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Сарапшылардың пайымынша, Қазақстанның мемлекеттік қызмет үлгісі әлемдегі ең озық 30 мемлекеттік қызмет үлгісіне жақындады. Халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алған Қазақстандағы мемлекеттік қызмет моделі өз деңгейінде қалыптасты.
None
None

«Ал қазіргі қолданысқа енгелі тұрған жаңа өзгерістермен қазақстандық мемлекеттік қызмет үлгісі әлемдегі ең озық 30 мемлекеттік қызмет үлгісіне жақындап отыр. Бұны сол 30 елдің өкілдерінен тұратын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары да мойындап отыр. Осыны ескере келе, бір жыл бұрын Елбасы Н. Назарбаев Астанада Мемлекеттік қызмет саласындағы озық үлгіні тарататын БҰҰ мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Өңірлік хаб құру туралы бастамасын қолдаған еді», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов. Оның айтуынша, жалпы бүгінгі күннің өзінде мемлекеттік қызмет саласының қазақстандық үлгісі аймақтағы зор қызығушылыққа ие.

Дегенмен, мемлекеттік қызмет саласы ұдайы жақсартып, жаңа сынақтарға қатысты сапасын арттырып отыруды талап ететін сала. Сондықтан да, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында мемлекеттік қызметті кадрлық құрамын іріктеу және кәсіби даярлықтың жетілдірілген әдістемелерін енгізу арқылы сапалы түрде жақсарту керектігін айтқан еді. Өзінің Жолдауында Елбасы Н. Назарбаев: «Ең алдымен мемлекеттік аппарат реформаланатын болады. Мен мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы Заңға қол қойдым. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгізуді, яғни жақсы кадрларды ілгерілетуді қамтамасыз етеді», - деген болатын. Ел Президенті қол қойған сол «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет мәселелерi бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бүгін өз күшіне еніп отыр.

Осыған орай, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов жаңа заңның жаңа ережелерін тағы бір мәрте түсіндіріп өткен болатын. Еске сала кетсек, аталған заң мемлекеттік қызметке кірудің тиімді әрі айқын тетіктерін, бағалау және мансаптық жоспарлау жүйесін енгізуді, басқарушылық корпусты құру секілді мәселелерді қамтиды. Сондай-ақ, құжат кадр қызметтерінің рөлін арттырып, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу мен ынталандыру шараларын, қызмет этикасын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жетілдіру арқылы мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен тиімділігін арттыруға бағытталады. Сонымен бірге құжатта мемлекеттік органдардың жұмысында сабақтастықты қамтамасыз ету және жаңа қызметкерлердің бейімделуі үшін тәлімгерлік институтын енгізу нормалары да қамтылған. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын сақтауы бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттері жөніндегі міндеттерін көздеу белгіленеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «командалық ауысуға» барынша тосқауыл қою тетіктері қамтылып отыр. «Бүгіннен бастап Елбасының саяси жігерінің арқасында дүниеге келген Қазақстанның мемлекеттік қызметінің жаңа моделі өз өмірін бастайды. Қоғамның өскелең талабына, жаһандану заманындағы жаңа сынақтарға сәйкес Елбасы мемлекеттік қызметті жетілдірудің жаңа басымдықтарын анықтады. Бүгінгі күшіне еніп отырған заң осы жаңа басымдықтарды жүзеге асырудың құқықтық негіздерін қалап отыр», - дейді Әлихан Бәйменов.

Оның айтуынша, бүгіннен бастап күшіне енген жаңа заң негізгі төрт басымдыққа негізделеді. Бұлар - біріншіден, кадрларды іріктеу мен жоғарылатуда меритократия қағидасын күшейту. Екінші - «А» басқарушылық корпусын құру. Үшінші - кадрларды басқару тетіктерін жетілдіру және кадр қызметінің мәртебесін арттыру. Сонымен қатар, тәртіптік этикалық бақылауды күшейте отырып, корпоративтік мәдениетті дамыту. Бұдан бөлек, заң аясында бүгінгі күнге дейін Мемлекет басшысының 8 жарлығы, уәкілетті органның 4 нормативті бұйрығы қабылданған. Сол құжаттар негізінде мемлекеттік қызметшілердің лауазымдарының жаңа тізілімі бекітілген болатын. Есте болса, Елбасы Н. Назарбаев саяси мемлекеттік қызметшілердің санын 8 есеге қысқарту туралы тапсырма берген еді. Осыған сай, 430-ға жуық саяси лауазым қалдырылды, бұған дейін ондай лауазым 3 мың 200-ден астам болатын.

Ал агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, аталмыш тізіліммен «А» басқарушы корпусының құрамы да бекітіліп отыр. Оның ең жоғары деңгейіне Жауапты хатшылар, аппарат жетекшілері, Үкімет кеңсесінің, Мәжіліс пен Сенат аппаратының бөлім меңгерушілері, Президент Әкімшілігінің сектор меңгерушілері енеді. Бұдан бөлек, «А» басқарушылар лауазымына аймақтардан барлық аудан, қала әкімдері, өңірлердегі тексеру комиссияларының мүшелері кіреді. «А» басқарушылық корпусына арнайы біліктілік талаптары да бекітілген. Бұл біліміне, еңбек өтіліне, лауазымына байланысты қосымша талаптар болып табылады. Сөйтіп, бұдан былай мемлекеттік қызметші лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билік иерархиясының бір сатысынан келесісіне өзінің машығын жетілдіре және кәсіби деңгейін арттыра отырып көтерілетін болады. Белгіленген көрсеткіштерді асыра орындағандар мен өзінің тиімділігін көрсеткендерге және жоғары нәтижеге қол жеткізгендерге ғана ерекшелік жасалатыны қарастырылады. Бұл Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің бірі болып табылады.

«Сонымен қатар, Ұлттық комиссия жөнінде жарлық қабылданып, «А» корпусына қабылдау, іріктеу ережелері бекітілді. Сол үшін бүгіннен бастап «А» корпусының лауазымын алам деген азаматтар Ұлттық комиссия жасақтайтын резервтерге енуі шарт. Бұл барлық азаматтарға тең, яғни бүгінгі күні сол лауазымды атқарып жатқандар да, сырттан қатысуға ниеттілер де теңдей қабылданады. Ал бүгінгі жұмыс жасап отырған азаматтар өздерін тағайындаған тұлғалармен еңбек шартына отырады. Еңбек шартының ең ұзақ мерзімі жарты жыл», - дейді Әлихан Бәйменов.

Тоқтала кететін жайт, Елбасының тапсырмасымен әзірленген «Жауапты хатшылар туралы» жарлық та бүгіннен бастап күшіне енеді. Ал мемлекеттік органдардағы Жауапты хатшыларды Елбасы тағайындайтыны белгілі. «Соған сәйкес, Жауапты хатшы лауазымы «А» корпусына ауыстырылады. Осы лауазымға Мемлекет басшысы тағайындау жасайтындықтан, бұл лауазымдармен еңбек келісімшартын жасасу құқығы Президент Әкімшілігінің Басшысына берілген», - деді Әлихан Бәйменов. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда барлық Жауапты хатшылармен келісімшарт жасалынған. Ал Жарлыққа сәйкес, мемлекеттік органдардағы қазіргі қызметтегі Жауапты хатшылар да, осы лауазымға үміткер тұлғалар да 6 ай ішінде «А» корпусының кадрлық резервіне өтуі шарт. Ал осы резервшілер пулы қалыптасқан соң, олардың арасынан Президент Әкімшілігі кандидаттарды іріктеп, Мемлекет басшысының қарауына ұсынатын болады. Бұл тәртіп «А» корпусына кіретін санаттың бәріне жүреді.

Түйіндей айтсақ, мемлекеттік қызмет саласындағы реформаның ендігі үлгісі мерократия қағидасын дамыту, мемлекеттік қызметті осы жүйеге икемдеу болып табылады. «Ең алдымен мемлекеттік қызметте еңбегін бағалап, білімі мен білігіне қарап өсіру жүйесі, яғни меритократия жүйесі жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс. Осы жүйені дұрыс жолға қойсақ, кадрларды іріктеу саласында тамыр-таныстықты жойсақ, білім-білігіне қарап іріктейтін басымдық қалыптасса, онда жастардың өзі мемлекеттік қызметке кіріскенде, одан әрі жоғарылағанда өз білімі мен еңбегіне сүйенетін болады. Сосын ең төменгі лауазымға қойылатын талаптар ішінде еңбек өтіліне талаптар жұмсартылады», - дейді Әлихан Бәйменов.

Соңғы жаңалықтар