Қазақстанда ереуілдерді заңсыз деп тану туралы істер қысқартылған тәртіпте қаралады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ереуілдерді заңсыз деп тану туралы істер қысқартылған тәртіпте қаралатын болады. Бұл туралы бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік одақтардың қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
None
None

Аталған заң жобасы, қолданыстағы заңнамаларды «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген. Бұл ретте құжат арқылы 6 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, Еңбек кодексінде кәсіптік одақтардың, олардың бірлестіктерінің республикалық, салалық және өңірлік әлеуметтік әріптестік деңгейлерде қызметкерлердің, мүшелік ұйымдардың мүдделерін білдіру өкілеттіліктері нақтыланады. Ал Азаматтық іс жүргізу кодексіне әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған ережелер енгізу көзделеді. Атап айтқанда, әлеуметтік-еңбек жанжалдарын реттеу тиімділігін арттыру, құқықбұзушылықтың қоғамдық-қауіпті салдарын азайту мақсатында ереуілдерді заңсыз деп тану туралы істерді соттардың қарау мерзімін қысқарту нормалары (10 күнге) ұсынылған.

Ал «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына әлеуметтік әріптестіктің тиісті деңгейіндегі қауымдастырылу (мүшелік) қағидаттарына негізделген кәсіподақтардың қызметін көздейтін түзетулер енгізіледі.

Бұдан бөлек, заң жобасымен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңына әлеуметтік шиеленістің және еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік шиеленістің мониторингін жүзеге асыру және еңбек жанжалдарының туындау тәуекелдерін болжау бойынша функцияларды бекітіп беретін нормалар ұсынылады.

Заң жобасы палатаның жалпы отырысына шығарылмақ.

Соңғы жаңалықтар