Қазақстанда ерікті медициналық сақтандыру саласы халықтың 2 пайызын ғана қамтып отыр

Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстандағы сақтандыру нарығының даму келешегіне қатысты өткен баспасөз мәслихатында «Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясы» АҚ-ның басшылары мәлім етті.
«2012 жылы ерікті медициналық сақтандыру нарығы оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға өсті. Ал 2011-де 2010 жылмен салыстырғанда 18 пайыз болған еді. Бұл нарық дамуда, оның келешегі өте зор. Біздің компанияда былтыр ерікті медициналық сақтандыру бойынша жинақталған сыйақы мөлшерлемесі 2011 жылға қарағанда 178 пайызға артты», - дейді «Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясы» АҚ Жеке сақтандыру басқармасының бастығы Анна Извекова.
Оның айтуынша, ерікті медициналық сақтандыру сақтандырылған клиентке жеке жеткізушіні таңдау құқын береді. Бүгінгі таңда ерікті медициналық сақтандыру ел халқының 2 пайызға жуығын қамтиды. Ондағы негізгі тұтынушылар жұмыс берушілер. Нарықтың ерекшелігі мен ондағы үрдіске қарағанда ерікті медициналық сақтандырудың әзірге жеке тұлғаларға қолжетімдігі аз. Оның бірнеше себептері бар. Негізгілері халықтың сақтандыру мәдениетінің төмендігі, жеке сектордағы сақтандыру компанияларының аздығы және жеке тұлғалар үшін медициналық сақтандыру сегментіндегі шығынның жоғарылығы.
А. Извекованың сөзіне қарағанда, дегенмен бұл келешегі зор саланың бірі. Сондықтан «Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясы биыл Алматы қаласының тұрғындарына арнап «Менің жеке дәрігерім» бағдарламасын іске қосқан. Онда жеке тұлғаларға «Самал Медикал Ассистанс» клиникасында амбулаторлық-емханалық қызмет көрсетіледі. Енді мамыр айында бұл жоба Атырау қаласында іске қосылмақ.