Қазақстанда есірткі бизнесіне қарсы күрес күшейді: 14 тоннадан астам есірткі тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде есірткі қылмысына қарсы күрес шаралары күшейтіліп, нәтижесінде қылмыстық топтар мен астыртын зертханалардың жолы кесілді. Бұл туралы Бас прокуратурада өткен ведомствоаралық кеңесте мәлім болды.

БҚО-да ауылдың екі тұрғыны қару және есірткі заттарын заңсыз сақтаған
Фото: БҚО полиция департаменті

Қабылданған шаралардың нәтижелері:

  • Есірткі өткізу фактілері 16%-ға артып, 1637 қылмыс тіркелді (2024 жылы – 1407);
  • 14 қылмыстық топтың, оның ішінде 2 трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды;
  • 14 тоннадан астам есірткі тәркіленді;
  • 21 астыртын есірткі зертханасы жойылды;
  • 35 мыңнан астам граффити-жарнама өшіріліп, 22 жарнама таратушы ұсталды;
  • 22 мың крипто әмиян анықталып, 18 млн АҚШ доллары көлеміндегі цифрлық актив тәркіленді;
  • Есірткі істері бойынша 10 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді.

Мәселен, Алматы облысы Нұра ауылында биыл мамыр айында жойылған зертханадан 8 тонна прекурсор мен 100 келіден астам дайын есірткі табылған.

Ал Павлодарда прокурорлар энергияны көп тұтынатын пәтерді анықтап, онда «каннабис» өсірген азаматтың әрекетіне тосқауыл қойды.

Бұдан бөлек, ІІМ мен Қаржылық мониторинг агенттігі арасындағы меморандум аясында 50 ведомствоаралық жедел-тергеу топ құрылды. Қазіргі таңда бірнеше күрделі іс арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданған.

Кеңес қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдарына есірткі зертханаларын анықтау, қылмыстық топтарды әшкерелеу және есірткі дүкендерін ұйымдастырушылардың қызметін терең қаржылық тергеу арқылы әшкерелеу тапсырылды.

Айта кетейік, бүгін Түркістан облысында ірі есірткі плантациясы анықталып, мыңнан аса өсімдік тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар