17:10, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстанда этнотуризмнің болашағы өте зор
АЛМАТЫ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда этнотуризмнің болашағы өте зор. Бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалану үшін ұмытылған салт-дәстүрді қайта жаңғырту керек. Бұл жайлы кеше Алматыда өткен «Қазақтың мәдени ұлттық брендін қалыптастыру: тәжірибе және болашағы» деген дөңгелек үстел мәжілісінде айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Барлық іс ең алдымен идеядан басталады. Оң нәтижеге қол жеткізу үшін оны ең алдымен өз бойымызға дарытып, сіңіріп алуымыз керек. Көшпенділер мәдениеті адамзат мәдениетімен бірге келе жатыр. Тарих оны 5 мың жылдан әріге апарып жүр. Біздің ата-бабамыздың көшіп жүргені рас. Бірақ олар 100 пайыз көшіп жүрген жоқ. Жер-жерден табылып жатқан қалалардың орны соның нақты айғағы бола алады. Көшпенділер деген атаудан қашудың керегі жоқ. Біз өзіндік салт-дәстүріміз бен тұрмыстық бұйымдарымызды көрсету арқылы мәдениетіміздің асыл құндылықтарын әлемге паш ете аламыз. Соның бірі - киіз үй. Ол қойшылар тігіп отырған қазіргі күрке емес. Хан шатыры мен ордалы сарайлар. Киіз үйде ешқашан өкпек жел болмайды. Іргесінен кірген ауа біркелкі кіріп шаңырақтан шығып отырады. Тауға тігілген киіз үйлердің біріне барсам, түңлігі жабық тұр. Неге ашпайсыңдар десем шам тұр ғой дейді. Олар түңлікті жарық үшін ашады деп ойлайтын көрінеді», - дейді Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділ. Жазушының сөзіне қарағанда, киіз үйдің сүйегінен бастап ішкі-сыртқы жасауының өзі көрген жанды еріксіз қайран қалдырады. Егер 3 мың жыл бұрын ата-бабаларымыз осындай үйде тұрған деп көрсетсек, кез-келген шетелдіктің қызыға қарайтыны күмәнсіз. Соны көрсету керек. Өкінішке қарай ол әлі өз деңгейінде насихатталып жүрген жоқ. «Көшпелілер киіз үйді шығысқа қаратып тігеді. Ал тарихи тақырыптағы кинода олардың әрқайсысы әр тарапқа қарап тұр. Бұрын киіз үйді жыққанша қазақ әйелдері баласын бесікке бөлеп қойған. Көшті артып болған соң бесікті ат үстінен іліп алып, жүре берген. Қазір осы көріністі бірде-бір кинодан көре алмайсыз. Жалпы бесікке бөленген сәби 30 градус аязда да терлеп-тепшіп, ұйықтап жата берген. Бесік болмаса көшпелілерде тұқым қалмас еді. Әлемді таңырқатуда ұлттық тағамдардың да алатын орны зор. Мәселен, қарын қуырдақ деген бар. Аңның не қозының етін өз қарнына салып қоламтаға көміп тастасаң екі сағатта дайын болады. Одан дәмді асты өз басым әлі жеп көрген жоқпын. Сондай-ақ тас қуырдақ деген де бар. Қазіргі кәуеп пен бәстірменің атасы. Егер осының бәрін қайта жаңғыртатын болсақ, қазақтың әлем мәдениетіне қосқан үлесі айшықтала түсері сөзсіз», - дейді танымал жазушы.