Қазақстанда футбол инфрақұрылымын дамыту қажет – UEFA президенті

АСТАНА. KAZINFORM – Еуропа футбол қауымдастықтары Одағының (UEFA) президенті Александер Чеферин Қазақстанға ресми сапары аясында елордадағы Қазақстан футбол федерациясының кеңсесіне барды. 

Қазақстанда футбол инфрақұрылымын дамыту қажет – UEFA президенті
Фото: ҚФФ

Чеферин ҚФФ-ның штаб-пәтерінде Федерация президенті Марат Омаровпен жүздесті. Сондай-ақ ол футбол музейін аралап, «Жеңіс», «Астана» және №8 МБЖСОРМ футбол орталықтарының жас ойыншыларымен, сонымен қатар ЦП футбол мен Blind Football командасымен кездесті.

Осыдан кейін Марат Омаровпен Александер Чеферин БАҚ өкілдеріне арналған ақпараттық брифингіге қатысты.

– Бүгін – ел футболы үшін ерекше күн. Қазақстанға ресми сапармен UEFA президенті Александер Чеферин мырза келіп отыр. Бұл маңызды сапар – еліміздің халықаралық жан-жақты байланыстарының тереңдей түскенінің тағы бір нақты да жарқын көрінісі, - деді Омаров.

ҚФФ
Фото: ҚФФ

ҚФФ президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев UEFA президентін қабылдап, отандық футболдың қазіргі жағдайы мен болашағына қатысты бірқатар түйінді мәселені талқылағанын айтты.

– Қазақстан футбол федерациясы тарапынан қазақ футболын дамытуға байланысты ұсыныстарымызды жеткіздік. Олар негізінен еліміздегі футбол инфрақұрылымын жетілдіру, бұқаралық футболды қолдау және балалар футболын дамыту бағыттарын қамтыды. Қазақстан футболының әлеуеті зор. Бірлесе жұмыс істеп, халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге жете аламыз деп бек сенемін, - деді Омаров.

Өз кезегінде Александер Чеферин де UEFA Қазақстан футболына қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

– Бүгін Президент Тоқаевпен өте нәтижелі кездесу өткіздік. Оның спорт пен футболды ерекше бағалайтынын байқадым. Ойымыз бір жерден шықты: Қазақстанда футбол инфрақұрылымын дамыту қажет, - деді UEFA президенті.

Қазақстанда футбол инфрақұрылымын дамыту қажет – UEFA президенті
Фото: ҚФФ

Сонымен қатар Чеферин Еуропа футбол қауымдастықтары Одағы болашақта Қазақстан футболын дамытуға барынша көмектесіп, инвестиция салатынын айтты.

– Біз өз мүшелеріміздің барынша табысты болғанын қалаймыз. Қазақстанда талантты футболшылар көп. Сондықтан жастарды дамытуға ерекше көңіл бөлу керек, - деді Чеферин.

Сапар соңында Еуропа футбол басшысы елордадағы футбол инфрақұрылымымен танысты.

Айта кетейік, Қазақстан – 2002 жылдан бастап УЕФА-ның толыққанды мүшесі. 

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев UEFA президенті Александер Чеферинді қабылдады. 

Еске салсақ, бүгін футболдан Астанада әлемдік және қазақстандық футболшылардан құралған «Аңыздар ойыны» кездесуі өтеді.

Соңғы жаңалықтар