Қазақстанда геологтер неге тапшы — сарапшы пікірі
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде білікті геологтер жоқ. Бұл туралы «Қазақстан Мұнай сервистік компанияларының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов KazInform ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында айтты.

— Меніңше бүкіл қазақстандықтар Қаныш Сәтбаевқа күні-түні дұға жасап, алғыс айту керек. Өйткені сол кісінің барлауының арқасында біз қаншама жер қойнауларын иеленіп қалдық. Сол кісінің тауып бергенінің арқасында біз қазір түрлі-түсті металл, алтын, мұнай, газды пайдаланып отырмыз. Мұның бәрі сол кісілердің тұсында жасалған дүние. Егемендік алғаннан бері Қазақстанда «пах» дейтін бірде бір жер қойнауы ашылған жоқ. Себебі бізде білімді, сапалы геологтер таусылып қалды, — дейді ол.
Рашид Жақсылықов елімізде білікті геологтерді қалыптастыру жұмыстарын күшейту керектігін айтады. Оның сөзінше мемлекетке мұнай өндіру үшін ешқандай ұсыныс түсіп жатқан жоқ. Ал ондай ұсынысты жасайтын геолог мамандар тапшы.
— Ескі жер қойнаулары тозып жатыр. Оған дәлел 2015-2016 жылдары Қызылорда облысы 9,5 млн тонна мұнай өндіретін болса, қазір 4 млн-ға түсіп қалды. Дүниежүзіндегі мықты геология институттарын елге тартуымыз керек. Тіпті үлкен ұлттық компания құрса да артық болмас еді. Себебі геологтер нақты мына жерде құнды қазба-байлық жатыр демей, бір де бір инвестор келіп ақша салмайды ғой. Егер елімізде белгілі бір сала ешқандай ұсыныстар жасамай жатса, ол саланың жоқтығының дәлелі емес пе, — дейді Р. Жақсылықов.
Айта кетейік, Қазақстан «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры арқылы мұнай тасымалын 2,2 млн тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жазған едік.