Қазақстанда ғылым саласын заман талабына сәйкес келтіретін құқықтық база қалыптасты - А. Бижанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ғылымды коммерцияландырып, экономиканың тетігіне айналдыратындай заман талабына сәйкес келтіретін тиісті құқықтық база қалыптасты. Бүгін Сенат комитетінде «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ахан Бижанов осылай мәлім етті.
«Біз өткен жолы ғана ғылым саласын коммерцияландыру туралы заңды қабылдадық. Енді халықаралық банкпен берілетін қолдау туралы келісімді де қарастырып жатырмыз. Осының бәрі еліміздегі ғылым саласын одан әрі дамуын толыққанды қамтитыны анық. Ендігі күні ғылымды коммерцияландыру тетігін қаржыландыру да қамтамасыз етіледі. Халықарлық банк бөлетін 88 млн. доллар қаражаты бірқатар бағыттарды қамтиды. Мәселен, бірінші бағытта 30 млн. доллар шамасындағы қаражат енгізілетін жобаларды қаржыландырады. PhD зерттеулеріне де 10 млн. доллар бөлінбек. Бұл ең алдымен кадр әлеуетін көтеруге ықпал етеді. Ал университеттер мен зерттеу институттары және өнеркәсіптік нысандар арасында құрылатын консорциумдарға 30 млн. доллар жұмсалмақ», - деді сенатор.
Оның айтуынша, барлық қаражаттар еліміздің ғылыми әлеуетін көтеруге, ғылыми-техникалық жобаларды экономиканың түрлі салаларына енгізуге септігін тигізеді.
«Сондықтан да, күрделі экономикалық даму кезеңінде халықаралық банктің мұндай қолдауы Қазақстан үшін аса өзекті. Бұл ғылыми маңызы жоғары қолдау», - деді А. Бижанов.