Қазақстанда ғылым саласындағы этикалық реттеу стандарттары әзірленуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ғылым саласындағы этикалық реттеу стандарттары әзірленуде. Бұл туралы бүгін «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы» АҚ-ның президенті Асанбай Жұмабеков айтты.

Қазақстанда ғылым саласындағы этикалық реттеу стандарттары әзірленуде

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта еліміздің Білім және ғылыми министрлігі көптеген гранттар мен жобаларды және бағдарламаларды қаржыландыруда. Ал аталған еңбектер жарияланым түрінде ғылыми ортаға таралатын болады.

«Егер бұл нәтижелер коммерциялық сипатта болатын болса, онда ол патенттеліп, жарияланады. Біз жоба авторларына өз еңбектерін рейтингі жақсы, халықаралық ғылыми журналдарға жариялауды өтінеміз. Егер этикалық сипаттағы мәселелер туындайтын болса, онда бұл Қазақстанның барша ғылыми қоғамдастығының абырой-беделіне әсер етеді», - деді А.Жұмабеков.

Орталық басшысының атап өтуінше, этикалық сипаттан туындаған проблемалар үшін әлемдік ғылыми қоғамдастық тарабынан ниеттестік болмаса, бұл ғылымның өзінің проблемасына айналады.

«Сондықтан этика өте нәзік мәселе. Сол себепті біз Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен ЮНЕСКО-мен этикалық реттеу және зерттеу қызметі саласындағы түрлі нормалар мен стандарттарды әзірлеуге кірістік», - деді ол.