Қазақстанда халықтың 59,6 пайызы спорт инфрақұрылымымен қамтылған – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. 2029 жылға қарай халықтың спорт нысандарымен қамтылу деңгейін қазіргі 59,6 пайыздан 65 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

в
Фото: БҚО әкімдігі

Министрдің айтуынша, 2027 жылы Мемлекет басшысы жариялаған Халықтық ауқымды құрылыс жылы аясында өңірлерде әлеуметтік маңызы бар нысандар салу және жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде спорт инфрақұрылымына да басымдық беріледі.

Алайда жаңа нысандардың құрылысын бастамас бұрын әр өңірдің нақты қажеттілігін анықтау маңызды.

– Қазіргі уақытта елімізде 26 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Бүгінде халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6 пайызды құрайды. Тұжырымдамаға сәйкес, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 65 пайызға жеткізу жоспарланған, – деді Ербол Мырзабосынов.

Министрдің мәліметінше, 2026 жылы елімізде 121 спорт нысанын пайдалануға беру көзделген. Қазіргі уақытқа дейін оның 69-ы іске қосылған. Соның 51-і ауылдық жерлерде орналасқан.

Жыл соңына дейін тағы 52 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар қолданыстағы спорт нысандарын жаңғырту және жаңа нысандар салу жұмыстары да жалғасады.

Осылайша, алдағы кезеңде спорт инфрақұрылымын дамытуда өңірлердің сұранысын ескеру, әсіресе ауылдық елді мекендерді спорт нысандарымен қамтамасыз ету негізгі бағыттардың бірі болмақ.

Бұған дейін Мемлекет басшысы спорт саласы әрдайым мемлекеттің басты назарында болатынын айтқан еді.